«TURKESTAN CUP – 2024» Халықаралық турнирінің жеңімпаздары анықталды

Түркістанда Октябрь Жарылқапов атындағы стадионда “TURKESTAN CUP – 2024” атты футболдан халықаралық турнирдің екінші кезеңі өтті. Турнир «Түркістан – Түркі әлемінің туризм астанасы» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, 2010, 2011, 2013-2014 және 2015-2016 жылы туған жасөспірімдер арасындағы ойындарға арналды.

Турнирге Қазақстан мен көршілес елдерден жалпы 40-қа жуық команда қатысты. Жас футболшылар жасындай жарқылдап, жанкүйерлерге керемет әсер сыйлады. Тәртіп пен әділдік талаптары қатаң сақталып, қатысушылар өз шеберліктерін паш етіп, болашақ кәсіби спортшы ретінде шыңдалуға мүмкіндік алды.

Марапаттау рәсіміне Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Қырықбаев Мекенхан Қозыханұлы, Түркістан қаласы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы – Мусагалиев Қадырболат Кабдирович, сондай-ақ осы бөлімнің сектор меңгерушісі Асильбаев Марат Абзалович қатысып, жеңімпаздарды құттықтады. Жүлделі орын алған командаларға медальдар, кубоктар, дипломдар және бағалы сыйлықтар табысталды. Бұл марапаттар жас ойыншылардың алдағы спорттық өміріне күш-жігер беріп, ертеңгі күні үлкен жетістіктерге жетуге жол ашады.

Турнир қорытындысы бойынша:

2010 жылы туған жасөспірімдер:

  • 🥇 1-орын: Буннёудкор, Өзбекстан
  • 🥈 2-орын: ЯССЫ, Түркістан
  • 🥉 3-орын: ФК ҚАЙРАТ Ф1, Алматы

2011 жылы туған жасөспірімдер:

  • 🥇 1-орын: ФК Түркістан
  • 🥈 2-орын: БЖСМОФМ, Түркістан
  • 🥉 3-орын: ЯССЫ, Түркістан

2013-2014 жылы туған жасөспірімдер:

  • 🥇 1-орын: БЖСМОФМ, Түркістан
  • 🥈 2-орын: АЛАШ, Астана
  • 🥉 3-орын: ФК Қаскелен

2015-2016 жылы туған жасөспірімдер:

  • 🥇 1-орын: PARASSAT, Алматы
  • 🥈 2-орын: БЖСМ №1, Сауран
  • 🥉 3-орын: СДЮСШОР №17, Шымкент

Жарыс Түркістан қаласының Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өтті. Турнир барысында жас футболшыларға тек жарыс тәжірибесі ғана емес, мәдени алмасу да маңызды болды. Әртүрлі өңірлерден және мемлекеттерден келген жас спортшылар бір-бірімен дос болып, тәжірибе бөлісіп, келешекте халықаралық деңгейде Қазақстан футболын өркендетуге негіз қалап отыр.

Турнир аясында жас спортшылар түркі әлемінің рухани орталығы саналатын Түркістан қаласының көрнекті тарихи-мәдени орындарымен де танысуға мүмкіндік алды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен жаңадан бой көтерген әкімшілік-мәдени орталықтар жас буынның ұлттық рухын оятып, тарихи мұраларға деген құрметін арттырды. Сондай-ақ, турнирді тамашалауға келген жанкүйерлер мен туристер қаланың заманауи инфрақұрылымына көңіл аударып, болашақта Түркістанның халықаралық спорттық және туристік хабқа айналу әлеуетін сезінді.

«TURKESTAN CUP – 2024» турнирінің басты мақсаты – жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, футбол мәдениетін дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Осындай турнирлер халықаралық спорт байланыстарын күшейтіп, футболшылардың шеберлігін арттырып қана қоймай, елдер арасындағы достықты тереңдетеді. Жас ойыншылардың бүгінгі жетістіктері ертеңгі үлкен жеңістердің бастамасы екені сөзсіз.

Сонымен қатар, жарыс ұйымдастырушылары қатысушылар мен бапкерлер үшін спорттық инфрақұрылымның сапасын жоғарылатуға, жаттығу үрдістерін жетілдіруге және туризмді одан әрі дамыта отырып, футболды өңірлік деңгейден халықаралық аренаға шығаруға ұмтылуда. Бұл өз кезегінде Түркістанның спорттық имиджін қалыптастырып, қалаға шетелдік туристерді тартуға ықпал етеді.

Болашақта осындай турнирлердің жиі ұйымдастырылуы жас таланттарды анықтауға, оларды кәсіби деңгейге көтеруге, сонымен қатар Түркістанның халықаралық аренадағы беделін арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, Түркістанның «Түркі әлемінің туризм астанасы» мәртебесін нығайту жолында мұндай спорттық іс-шаралар айрықша рөл атқарады. Бүгінгі жас футболшылар ертеңгі таңда ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, әлемдік деңгейде топ жаруға қабілетті. Ал бұл жолда осындай турнирлер маңызды баспалдақ болмақ.

Осылайша, «TURKESTAN CUP – 2024» турнирі футбол сүйер қауым мен жас спортшылардың ғана емес, тұтас өңірдің игілігіне айналып, Түркістанның халықаралық спорттық және туристік орталық ретіндегі орнының беки түскенін дәлелдеді. Жарыс соңында қатысушылар алған әсерлерін бөлісіп, жаңа кездесулерді тағатсыздана күтетіндерін жеткізді. Бұл турнир спортшылар үшін жаңа белестерге жол ашып, болашақта талай ірі додаларға қатысуға рух берері сөзсіз.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*