ПОЛИЦИЯ – ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІП ПЕН ЗАҢНЫҢ ҚОРҒАНЫ

Биыл Қазақстан Полициясына – 33 жыл. Осы уақыт ішінде ішкі істер органдары еліміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне тірек болып, азаматтардың тыныштығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді. Айтулы мереке қарсаңында Түркістан облысы Полиция департаментінде салтанатты іс-шара өтіп, құқық қорғау саласының өкілдері мен ардагерлерінің еңбегі ерекше құрметпен аталып өтті.

Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, ішкі істер органдарының ардагерлері, департамент басшылығы және жеке құрам қатысты. Сахна шымылдығы патриоттық мазмұндағы бейнероликпен ашылып, ҚР Мемлекеттік туы салтанатты түрде кіргізілді. Барша қатысушылар ел тыныштығы жолында қызмет етіп жүріп қаза тапқан полиция қызметкерлерінің рухына тағзым етіп, үнсіздікпен еске алды.

Шара барысында театрландырылған қойылым арқылы полиция қызметінің маңыздылығы мен жауапкершілігі көркем түрде бейнеленді. Бұл қойылым көрермендерге тәртіп сақшыларының күнделікті қызметінде қандай қиындықтарға тап болатынын, сондай-ақ олардың қоғамдағы бейбіт өмірді сақтау жолындағы тынымсыз еңбегін терең ұғынуға мүмкіндік берді.

Алғашқы құттықтау сөзді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров алып, өңірдің тыныштығы мен қоғамдық тәртіптің сақталуына сүбелі үлес қосып жүрген тәртіп сақшыларын кәсіби мерекемен құттықтады. Сонымен қатар ол адал қызмет етіп жүрген полицейлердің еңбегін жоғары бағалап, марапаттар табыстады.

– Құрметті тәртіп сақшылары мен ішкі істер органдарының ардагерлері! Сіздердің қоғам тыныштығы жолындағы еңбектеріңіз орасан зор. Заң мен тәртіп қағидатын берік ұстанып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі табандылықтарыңыз әрдайым ел алдында еленіп келеді. Қызметтеріңізге сәттілік, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді аймақ басшысы.

Форум барысында Ұлттық қауіпсіздік генералы Болат Қалмырзаев пен полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов те құттықтау сөз сөйлеп, полицейлерге шынайы ризашылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, тәртіп сақшылары – мемлекеттіліктің тірегі, заң үстемдігінің басты кепілі.

Салтанатты жиында Ішкі істер министрлігінен арнайы келген марапаттар табысталып, үздік қызметкерлерге Түркістан облысы Полиция департаментінің алғыс хаттары мен грамоталары табыс етілді. Бұл – олардың адал еңбегінің, жанқиярлық қызметінің лайықты бағаланғанының көрінісі.

Бүгінде полиция қызметкерлері тек құқық бұзушылықпен күресіп қана қоймай, қоғамда заң мәдениетін қалыптастыруда, жастарды тәрбиелеуде, жол-көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де белсенді жұмыс атқарып келеді. Есірткімен күрес, интернет алаяқтықтың алдын алу, отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет – полицияның күнделікті қызметінің бір бөлігі ғана.

Қоғамдық тәртіп – тұрақты дамудың негізі. Ал сол тәртіптің сақталуын қадағалайтын азаматтар – полиция қызметкерлері. Олар күндіз-түні ел тыныштығы үшін қызмет атқарады. Әсіресе, мереке, демалыс күндері, халықтың бейбіт өмірі үшін өз қауіпсіздігін тәуекелге тігіп жүрген полиция қызметкерлерінің еңбегі елеусіз қалмауы тиіс.

Іс-шара соңында марапатталған тәртіп сақшылары өздеріне көрсетілген құрмет үшін алғыс айтып, бұл марапаттар олардың алдағы жұмыстарына серпін беретінін жеткізді. Шара соңы Түркістан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Көпшілікке ән шырқалып, би қойылымдары тарту етілді. Жиналғандар естелікке суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.

Полиция қызметі – оңай жол емес. Ол – батылдықты, жауапкершілікті, шынайы патриотизмді қажет ететін қызмет. Ал осындай міндетті абыроймен атқарып жүрген тәртіп сақшылары – еліміздің бейбіт өмірінің сенімді тірегі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*