137 балл — рекорд! Түркістандық мектеп түлектері ҰБТ нәтижесімен таңғалдырды

2024–2025 оқу жылы Түркістан қаласындағы мектеп түлектері үшін айрықша табысты әрі есте қаларлық жыл болды. Қалалық білім бөліміне қарасты 37 мемлекеттік және қала аумағындағы 8 жекеменшік мектепті 3063 оқушы аяқтап шықты. Олардың 2468-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысып, өз білімдерін сынға салды. Ал 595 түлек жеке себептерге байланысты тестілеуге қатысқан жоқ — бұл оқушылардың бір бөлігі денсаулығына байланысты, ал енді бірі колледжге түсуді немесе әскер қатарына шақыртуды жөн көріп, ҰБТ-дан босатылған. Бұл сан да – оқу жүйесінің оқушы еркіндігіне деген икемділігін көрсететін маңызды фактор.

Биылғы жылы Түркістан түлектері тестілеуден 81,75 орташа балл жинады. Бұл – тек қалалық емес, облыстық, тіпті республикалық деңгейде де жоғарғы көрсеткіш саналады. Өткен жылмен салыстырғанда нақты өсім бар: 2022–2023 оқу жылында Түркістан облысы бойынша орташа балл 73 болған еді. Демек, биылғы нәтиже 8,75 баллға жоғарылаған. Бұл – оқушылардың жүйелі дайындық пен сапалы білім алғанының көрінісі. Сонымен қатар, бұл өсім педагогикалық ұжымдардың әдістемелік шеберлігі мен ата-аналар қолдауының үйлесімін де айғақтайды.

Тестілеу нәтижесінде көш бастаған білім ордалары да айқындалды. М.Мәметова атындағы №6 жалпы білім беретін мектептің түлектері биылғы ҰБТ-да ерекше нәтиже көрсетті. Бұл мектептен тестілеуге қатысқан 29 түлек орташа есеппен 100,87 балл жинады. Мұндай көрсеткіш қалалық деңгейдегі үздік нәтижелердің бірі ғана емес, ел бойынша да жоғары көрсеткіштердің қатарына кіреді. Одан кейінгі үздік үштікке енген мектептер — «TULGA SCHOOL» (187 түлек, орташа 97,80 балл) және «BASTAU MEKTEBI-2» (172 түлек, орташа 91,30 балл). Бұл білім ошақтары жыл сайын тұрақты түрде жақсы нәтиже көрсетіп келеді және олардың үлгісі қала бойынша білім сапасын арттыруға әсер етуде.

Жекелеген оқушылардың жетістіктері де назар аударуға тұрарлық. Биылғы жылы Ш.Ниязов атындағы мектептің түлегі Шахназа Жумадуллаева 137 балл жинап, Түркістан қаласындағы ең жоғарғы нәтиженің иегері атанды. Бұл – ҰБТ тарихындағы аса жоғары көрсеткіштердің бірі. Ал «TULGA SCHOOL» түлегі Нұрай Қаржаубай 135 балл жинап, екінші орынға тұрақтады. Екеуі де республика бойынша үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп, алдағы уақытта елдегі беделді жоғары оқу орындарына мемлекеттік грантпен түсу мүмкіндігіне ие.

Білім сапасы бойынша да Түркістан биыл өзгелерден оза шапты. Қала мектептері төрт тоқсан қатарынанТүркістан облысындағы қала-аудандар ішінде оқу үлгерімі бойынша үздік деп танылды. Бұл — білім басқармасының стратегиялық бағытының, мектеп директорлары мен педагогтардың үйлесімді жұмысының, сондай-ақ ата-аналардың қолдауының нәтижесі. Қала мектептерінде оқушылар тек тестілеу көрсеткіші бойынша ғана емес, қоғамдық өмірге белсенді қатысуымен де танылып келеді.

Сонымен қатар, 178 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 250 оқушы «Үздік аттестат» иеленді. Бұл — үздік білім мен тұрақты дайындықтың жемісі. Бұған қосымша, 9-сыныпты аяқтағандар арасынан 350 оқушы да үздік аттестатпен марапатталды. Мұндай нәтижелер орта білім сапасының жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын нақты дәлелдейді.

Салыстырмалы түрде алғанда, 2022–2023 оқу жылында Түркістан облысында 30266 түлек мектеп бітіріп, олардың 23865-і ҰБТ тапсырған болатын. Биылғы жылы тек Түркістан қаласының өзінде орташа балл 81,75болуы — өңір орталығының білім жүйесіндегі тұрақты дамуының айқын көрінісі. Бұл – тек сандық емес, сапалық серпіліс.

Жалпы, Түркістан қаласы бүгінгі таңда білім сапасы бойынша өңірлік қана емес, республикалық ауқымда да өз беделін нығайтып отыр. Қалалық білім беру мекемелері алдағы жаңа оқу жылына тың қарқынмен, жаңа мақсатпен кірісуді көздеп отыр. Ұстаздар қауымы мен қалалық білім бөлімі алдағы уақытта да осы жетістікті сақтап қана қоймай, одан әрі биіктерге жеткізуге күш салады.

Қорытындылай келе, Түркістандық түлектер биылғы ҰБТ-да өз білімдерін лайықты дәлелдеп, ел болашағына үлкен сеніммен қадам басты. Олар еліміздің үздік жоғары оқу орындарында оқуға толық мүмкіндікке ие, әрі білім мен еңбектің арқасында биік белестерге жететініне еш күмән жоқ. Бүгінгі жетістік — ертеңгі жеңістің бастамасы.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*