ТҮРКІСТАНДА ӨТКЕН «БАЛА ҮНІ» ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ — БАЛАЛАР ДАУЫСЫНА ҚҰЛАҚ ТҮРГЕН КҮН

Түркістан қаласында ҚР Оқу-ағарту министрінің «Бала үні – болашақтың үні» бастамасы аясында ауқымды «Бала үні» өнер фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл шара — балалар шығармашылығын қолдау, олардың өнерге деген құштарлығын арттыру және ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған маңызды мәдени оқиға болды.

Фестивальге Түркістан облысындағы мектептер, өнер және музыка мектептері, қосымша білім беру ұйымдарынан 20 мыңға жуық жас өнерпаз қатысты. Бірнеше кезеңнен тұратын іріктеу нәтижесінде, 600-ден астам оқушыгала-концертке жолдама алып, өз өнерлерін көпшілікке паш етті. Балалар ән айтып, би билеп, өлең оқып, театрландырылған көріністер қойып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Фестивальдің жабылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібaев қатысып, жас қатысушыларды құттықтап, оларды шабыттандырды:

«Бұл — балаларға деген шексіз сүйіспеншілік пен қамқорлықтың мерекесі. Әр баланың бақытты балалығы мен жан-жақты дамуы — кез келген мемлекеттің басты байлығы. Бүгінде елімізде, соның ішінде Түркістан өңірінде де, балалар үшін мектептер мен балабақшалар салынып, мәдени-спорттық нысандар ашылуда. Бұл — сіздердің жарқын болашақтарыңыз үшін жасалып жатқан нақты қадамдар», — деді ол.

Фестиваль аясында ерекше бір челлендж ұйымдастырылды. Онда балалар өз ойларын, ұсыныстары мен тілектерін арнайы сұрақтарға жауап беру арқылы білдірді. Бұл бастама — баланың дауысын естіртіп, оның мектеп, қала және ел өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беру мақсатында қолға алынды. Жоба балалардың азаматтық белсенділігін арттырып, өзін еркін әрі сенімді білдіруіне жағдай жасады.

Сонымен қатар, фестиваль шеңберінде оқушылардың қолымен жасалған ұлттық бұйымдар, тұрмыстық заттар мен қолөнер туындыларының көрмесі өтті. Көрмеде қазақтың дәстүрлі өнерін бейнелейтін бұйымдар, табиғи материалдардан жасалған кәдесыйлар мен сәндік заттар көпшілік назарына ұсынылды. Көрме келген қонақтардың үлкен қызығушылығын тудырды.

Фестиваль барысында ұлттық мәдениет, ана тілі мен әдебиетті насихаттау бағытында көптеген өнер туындылары ұсынылды. Балалар өз Отанына деген сүйіспеншіліктерін өнер арқылы жеткізіп, халқымыздың рухани құндылықтарын терең сезініп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге талпынды.

«Бала үні» фестивалі — тек талантты балалардың өнерін көрсету алаңы ғана емес, сонымен қатар бала мен қоғам арасындағы байланысты нығайтатын, оның үнін естіртетін маңызды алаңға айналды. Бұл шара балалар мен ата-аналарға, мұғалімдер мен қоғам белсенділеріне бірлесіп жұмыс істеудің, бір-бірін тыңдаудың және қолдаудың маңыздылығын көрсетті.

Фестивальді ұйымдастырушылар бұл жобаның жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп, ауқымы кеңейе түсетініне сенімді. Ең бастысы — әр баланың үні естіліп, арманына жол ашылуы тиіс.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*