
Түлкібас аудандық полиция бөлімінде маңызды әрі тағылымды оқиға өтті. Саптық жиын барысында ішкі істер органдарының қатарына жаңадан қабылданған жас полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңдарына сай салтанатты түрде ант беріп, халыққа адал қызмет етуге серт етті. Бұл – жас мамандар үшін үлкен жауапкершілік жүктейтін тарихи сәт.
Ант беру – әрбір полиция қызметкерінің кәсіби жолындағы алғашқы және ең маңызды қадамдарының бірі. Бұл рәсім – олардың болашақ қызметтеріндегі адалдыққа, әділеттілікке және жоғары моральдық қағидаттарға негізделген қызметке деген дайындықтарының айғағы.
Шараға аудандық полиция бөлімінің басшылығы, жеке құрам және ішкі істер саласының ардагерлері қатысты. Салтанатты рәсімді аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Болат Ахметов ашып, жас қызметкерлерді шын жүректен құттықтап, жаңа қызметтік жолда табыс пен сәттілік тіледі.
«Сіздер енді еліміздің тыныштығын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға тікелей жауапты боласыздар. Бұл – үлкен сенім мен зор жауапкершілік. Қызметтік жолдарыңызда адалдық пен әділдікті ту етіп, халыққа шынайы қызмет етулеріңіз керек», – деді Болат Ахметов.
Салтанатты жиында сөз алған ішкі істер органдарының ардагерлер кеңесінің төрағасы Сауранбек Таңатбаев жас тәртіп сақшыларына жүрекжарды тілегін білдіріп, өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Ол жас полицейлерді өз кәсібін сүюге, азаматтармен мәдени әрі әділ қарым-қатынас орнатуға және мемлекеттің ішкі тұрақтылығына үлес қосуға шақырды.
«Полиция – тек заң өкілі емес, сонымен қатар халықтың тірегі, әділеттің айнасы. Сіздер – ертеңгі ІІО-ның болашағысыздар. Сондықтан әрбір қадамыңыз ел мүддесіне қызмет етуге бағытталуы тиіс», – деді ардагер.
Ант қабылдаған сәт – жас қызметкерлер үшін ерекше тарихи күн ретінде есте қалары сөзсіз. Олар салтанатты рәсім кезінде полиция қызметкерінің жоғары мәртебесін түсініп, өздерінің қоғам алдындағы міндетін терең сезінді. Бұл рәсім олардың рухани жігерін нығайтып, патриоттық сезімдерін арттырды.
Жаңа қабылданған тәртіп сақшылары алдағы уақытта қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында адал қызмет ететін болады. Олар үшін бұл тек кәсіби таңдау ғана емес, сонымен бірге адам өміріне, қоғамға деген жанашырлықтың көрінісі.
Салтанатты жиын соңында жас мамандар мен ардагерлер естелік суретке түсіп, болашақтағы ынтымақтастық пен ұрпақ сабақтастығының жарқын үлгісін көрсетті.
Осындай тағылымды шаралар жас мамандардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып қана қоймай, құқық қорғау қызметінің маңызын терең түсінуге септігін тигізеді. Бұл – ел тыныштығы мен азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметтің абыройын арттыратын маңызды қадам.
Пікір қалдыру