
Түлкібас ауданында қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында жергілікті полиция қызметкерлері тұрғындармен ашық форматтағы кездесу өткізді. Бұл кездесу – халық пен құқық қорғау органдары арасындағы байланысты нығайту, тұрғындарды алаңдатқан сұрақтарға жауап беру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жүйелі жұмыстың бір көрінісі.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығына ерекше назар аударды. Жиынға учаскелік полиция инспекторларымен қатар патрульдік полиция, Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл және Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармаларының мамандары да қатысып, өз салалары бойынша кең ауқымды ақпарат берді.
Тұрғындармен еркін сұхбат барысында полиция өкілдері заңнамаларға енгізілген өзгерістер, құқық бұзушылықтардың алдын алу жолдары, отбасы-тұрмыстық қатынастарда кездесетін мәселелер және киберқауіпсіздік сынды тақырыптарды қозғады. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары азаматтарды заң талаптарын сақтауға және қоғамдық ортада тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді үлес қосуға шақырды.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауап алды. Құқық қорғау органдарының мамандары тұрғындарды алаңдатқан мәселелерге байланысты құқықтық кеңестер ұсынып, күнделікті өмірде кездесетін түрлі жағдайлар бойынша түсініктемелер берді. Әсіресе киберқылмыс, интернет-алаяқтық, есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алу тақырыптары кеңінен қамтылды.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары онлайн алаяқтықтың кең таралған түрлері, жалған сілтемелер мен алаяқ сайттар арқылы жасалатын алаяқтық әдістерін түсіндіріп, өз дербес деректерін бөтен адамдармен бөліспеу, бейтаныс нөмірлер мен күмәнді ұсыныстардан сақ болу қажеттігін ескертті.
Есірткі қылмысына қарсы мамандар жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу үшін ата-аналардың, мектеп пен қоғамның бірлесе жұмыс істеуінің маңыздылығын тілге тиек етті. Олар есірткі таратудың жаңа әдістері – әлеуметтік желі арқылы тарату, жасырын қоймалар жайлы ақпараттармен бөлісіп, мұндай қауіптерден сақтану жолдарын айтты.
Кездесуге арнайы қатысқан патрульдік полиция қызметкерлері балалармен аулада жеке тілдесіп, оларға жол қозғалысы ережелері туралы қысқаша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Балаларға бағдаршамның қызметі, жаяу жүргіншілер жолағын дұрыс пайдалану, көшеден өтерде абай болу қажеттігі туралы айтылып, көрнекі жадынамалар таратылды. Бұл — жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама болды.
Іс-шара аясында учаскелік полиция инспекторлары тұрғындарға арнайы хабарландырулар таратып, құқық бұзушылықтың алдын алу үшін әр азаматтың белсенділігі қажет екенін жеткізді. Қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын қалыптастыру — тек полицияның ғана емес, әр тұрғынның ортақ міндеті екені айтылды.
Жиын соңында тұрғындар полиция қызметкерлеріне ашықтық танытып, еркін пікір алмасуға мүмкіндік жасағаны үшін ризашылықтарын білдірді. Мұндай кездесулер арқылы халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімі артып, екіжақты байланыстың нығая түскені байқалды.
Түлкібас ауданында өткен бұл ашық форматтағы кездесу – полицияның халықпен жұмыс жүргізудегі жаңа әрі тиімді тәсілдерінің бірі. Ашықтық, қолжетімділік, сенім мен түсіністік – құқықтық тәртіптің негізі. Ал мұндай кездесулер қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған нақты әрі қажетті қадам болып саналады.
Пікір қалдыру