ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТТЕРІНЕ АРНАЛҒАН ОБЛЫС КӨЛЕМІНДЕ ФОРУМ ӨТТІ

2025 жыл – Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» ретінде жарияланғаны белгілі. Осыған орай Түркістан қаласында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектеріне арналған ауқымды форум өтті. «Адал азамат, адал еңбек, адал табыс» атты бұл іс-шара облыс көлемінде ұйымдастырылып, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталды.

Форум аясында өндірістік кәсіпорындардың әлеуеті таныстырылып, колледж түлектеріне кәсіби бағдар беру кездесулері, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі және үшжақты ынтымақтастық меморандумдары ұйымдастырылды. Іс-шараны Түркістан облысы әкімдігі, Облыстық білім басқармасы, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, сондай-ақ облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» бірлесіп өткізді.

Маңызды жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жас мамандарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен еңбек нарығындағы жаңа мүмкіндіктер жайлы баяндады.

– Бұл – жай жиын емес, бұл – еңбек адамына деген құрметтің белгісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Форумның басты мақсаты – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеріп, жастарды нақты еңбекпен айналысуға ынталандыру. Түркістан облысында халық саны 2 миллионнан асты, оның 660 мыңға жуығы – жастар. Олардың болашағы сапалы білім мен кәсіби даярлыққа байланысты. Биыл 12 мыңдай студент колледж бітіріп, еңбек нарығына шықты. Олар 75 түрлі мамандық бойынша 50 колледжде білім алды. Бүгінде облыстағы колледждер 700-ге жуық кәсіпорынмен әріптестік орнатқан, – деді аймақ басшысы.

Форум шеңберінде өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне Түркістан облысынан және республикалық деңгейдегі 40-тан аса жұмыс беруші қатысты. Жалпы саны 1 500-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды. Оның ішінде 1 163 орын – өнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобаларға, ал 162-сі – ауыл шаруашылығы саласына тиесілі.

Жәрмеңкеге қатысқан ірі кәсіпорындардың қатарында:

  • «Kazakhstan Lihua» ЖШС – 300 орын

  • «Kuzov Karabulak» ЖШС – 440 орын

  • «PSI Mineral Technologies» – 150 орын

  • «Kaz Eco Meat» – 90 орын

  • «Altyn Land» – 85 орын

  • «Идеал Туркестан» – 55 орын

Сондай-ақ, «KazatomProm-SaUran», «Silk Way International», «QazEcoPack», «High School Zhetisay», «A.B.L Fitness and Spa» сынды ұйымдар да белсенділік танытып, жас мамандарға түрлі салаларда жұмыс ұсынды.

Іс-шара барысында түлектерге әлеуметтік әріптестер тарапынан жұмысқа орналастыру сертификаттары табысталды. Бұл – нақты тәжірибе мен білім алып шыққан жастардың еңбек нарығына еркін енуіне жасалған нақты қадам. Форум кезінде қоғамдық ұйымдар мен солтүстік өңірден келген жұмыс берушілер тарапынан қоныс аудару мүмкіндіктері мен мемлекеттік қолдау шарттары да кеңінен түсіндірілді.

Түркістан облысында жалпы алғанда 2024 жылғы түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткіші 75%-ға жетіп отыр. Бұл – колледждердің өндіріспен тығыз әріптестігі мен нақты тәжірибелік оқыту әдістерінің нәтижесі. Облыс бойынша 10 мыңнан астам студент нақты өндірістік ортада тәжірибе жинақтап үлгерген.

Биылғы алғашқы 5 айда облыс көлемінде 43 378 адам жұмыспен қамтылды, оның 20 мыңнан астамы – жұмысшы мамандық иелері. Ұлттық жобалар аясында 1653 азамат еңбекке тартылып, жеке инвестициялар есебінен 621 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» жобасы бойынша 5 мыңға жуық жаңа қызмет орны құрылды.

Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының еңбек нарығында айтарлықтай белсенділік бар екенін дәлелдейді. Форум арқылы жұмыс іздеушілер мен жас мамандарға инженер, электрик, механик, дәнекерлеуші, IT-маман, аспаз, тігінші, тәрбиеші, педагог секілді 100-ден астам мамандық бойынша нақты ұсыныстар берілді.

«Адал азамат, адал еңбек, адал табыс» форумы – жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды. Түркістан облысы бұл бағытта алда келе жатқан аймақтардың бірі ретінде колледж түлектерін жұмыспен қамту, жастарға қолдау көрсету бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыра бермек.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*