
23 маусым – Қазақстан Полициясы күніне орай Түркістан облысының тәртіп сақшылары елге ерекше тарту жасады. Әдетте қоғам тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі жолында күн-түн демей қызмет ететін полицейлер бұл жолы халыққа жақын болудың басқа жолын таңдады – бейбіт күннің әуенін әуелетіп, рухани кеш ұсынды. Облыс бойынша ұйымдастырылған мәдени іс-шаралар полиция қызметкерлерінің тек кәсіби емес, өнерлі, жан-жақты тұлға екенін айқындап берді.
Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Самұрық аллеясында өткен мәдени кеште сахна төріне шығып, әннен шашу шашты. Кеште шырқалған патриоттық әндер, ел мен жерге деген сүйіспеншілікті ұлықтайтын туындылар жиналған жұртшылыққа ерекше рух сыйлады.
Кеш шынайы халықтық форматта өтті. Қарапайым тұрғындармен жүздескен полицейлер өнер арқылы көпшіліктің көңілінен шығып, жылы лебіздер мен зор қошеметке ие болды. Бұл кеш – тәртіп сақшыларының қызметтен тыс уақытта да руханият пен мәдениетке бейім екендігін көрсеткен жарқын үлгіге айналды.
«Полиция қызметкері – тек тәртіптің сақшысы ғана емес, сонымен қатар, рухани-мәдени даму жолында да елге үлгі болуға тиіс азамат,» – деді шара барысында сөз алған қызметкер.
Дәл осындай іс-шара Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлерінің өнерімен жалғасты. Түркістан қаласындағы Жастар саябағында кең көлемді мерекелік концерт өтті. Бұл концерт те көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, полиция мамандығына деген сенімді арттыруға, қызмет беделін көтеруге бағытталған игі бастама болды.
Кешке полиция қызметкерлері, өнерпаздар, қала тұрғындары және қонақтар қатысты. Ән мен би, заманауи және дәстүрлі музыкалық туындылар үндескен бұл кеш көпшіліктің көңілінен шығып, шынайы халықтық шараға айналды. Концерттің басты мақсаты — полицияны халыққа жақын, сенімді және ашық орган ретінде көрсету еді.
Екі аудан-қалада өткізілген бұл шаралар — ішкі істер органдарының қоғаммен байланысты нығайтуға бағытталған тың әрі оң қадамдарының бірі. Полиция қызметкерлерінің өнер көрсетуі, тұрғындармен ашық әрі достық форматта жүздесуі – олардың халыққа тек қатаң тәртіп сақшысы ретінде емес, қарапайым азамат, жан-жақты тұлға екенін көрсетуге ықпал етті.
Сонымен қатар, бұл кештер жас ұрпақ арасында полиция мамандығына деген оң көзқарас қалыптастырып, қызметтің абыройын арттыруға негіз болды. Қоғамдық орындарда, ашық аспан астында ұйымдастырылған мұндай рухани шаралар полиция мен халық арасындағы сенімділікті арттырып, азаматтардың құқық қорғау органдарына деген құрметін нығайта түсті.
«Біз тек қылмыспен күреспейміз, біз – қоғамның бір бөлшегіміз. Сондықтан осындай мәдени шаралар арқылы рухани үндестік орнату – міндетіміз,» – дейді тәртіп сақшылары.
Ордабасы мен Түркістанда өткен Полиция күніне арналған мәдени кештер – тәртіп сақшыларының азаматтық бейнесін, өнерге, рухани мұраға деген құрметін айқындаған жарқын оқиғалар ретінде есте қалды. Қоғамдық қауіпсіздіктің кепілі болып жүрген азаматтардың осындай игі шаралар арқылы елмен етене араласуы – сенімді қоғам қалыптастырудың берік негізі.
Пікір қалдыру