ТҮРКІСТАН ПОЛИЦЕЙЛЕРІ БИІК ШЫҢДЫ БАҒЫНДЫРДЫ: «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ИДЕОЛОГИЯСЫ РУХАНИ ӘРІ СИМВОЛДЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысында «Заң мен Тәртіп» идеологиясын насихаттау мақсатында ішкі істер органдарының қызметкерлері ерекше патриоттық акция өткізді. Ел ішінде заң үстемдігін, тәртіп пен әділдікті дәріптеуді мақсат еткен шара аясында Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағы мен оқу-жаттығу взводының қызметкерлері Қарт Қаратаудың бөктерінде әскери-далалық дайындық өткізіп, одан әрі биік шыңға көтерілді.

Патриоттық сипаттағы бұл бастама барысында тәртіп сақшылары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын және ҚР Ішкі істер министрлігінің арнайы жалауын биік шыңға алып шықты. Бұл — ішкі істер органдарының қоғам алдындағы міндетін, яғни заңның үстемдігін, тәртіп пен әділдікті биік деңгейде ұстауға деген рухани сертін білдіретін ерекше символға айналды.

Ту – елдің тәуелсіздігін, бірлігін, егемендігін білдіретін қастерлі рәміз. Ал оны ішкі істер қызметкерлерінің шыңға алып шығуы – олардың халыққа адал қызмет ету, заң мен тәртіпті қорғау жолындағы батыл қадамының көрінісі.

«Біз бұл әрекетіміз арқылы заң мен тәртіптің тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде де биік тұғырда тұруы тиіс екенін көрсеткіміз келді. Халыққа адал қызмет етудің жолы – шынайы жауапкершілік пен берік ұстанымда жатыр,» – деді іс-шараға қатысушылардың бірі.

Шараның алғашқы бөлігі Қаратаудың етегінде ұйымдастырылған әскери-далалық жаттығудан басталды. Бұл жаттығулардың мақсаты – полиция қызметкерлерінің физикалық, моральдық және психологиялық тұрғыда шыңдалуына жағдай жасау, сонымен қатар төтенше жағдайларда жедел әрекет ету қабілеттерін дамыту.

Арнайы жабдықталған рюкзактар, тактикалық құралдар, әскери киім үлгілерімен тауға көтерілген жасақ мүшелері кәсіби шеберліктерін іс жүзінде дәлелдеп шықты. Бұл жаттығулар — ішкі істер органдары қызметкерлерінің төтенше жағдайларда дайын болуын қамтамасыз ететін жүйелі оқу-жаттығу жұмыстарының бір бөлігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің түрлі мәлімдемелерінде «Заң мен тәртіп – әділетті мемлекеттің негізі» екенін бірнеше мәрте атап өткен болатын. Президент бастамасы аясында құқық қорғау органдарының жұмысы барынша ашық, әділетті әрі халыққа жақын болуы тиіс. Бұл бағытта Түркістан облысының полицейлері жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Халықпен тікелей жұмыс, қылмыстың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру, киберқылмыс пен есірткіге қарсы күрес – басты назардағы міндеттер.

Шың басына көтерілген жалаулар – жай символ ғана емес, ел мен халық алдындағы борышты адал өтеу жолында қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің рухының биіктігін білдіреді. Бұл бастама құқық қорғау саласында қызмет етіп жүрген жас буын үшін де үлкен мотивация көзіне айналды.

Шара соңында қатысушылар бір ауыздан мұндай рухани-әскери бағыттағы акцияларды жүйелі түрде өткізіп тұру қажеттігін айтып, бұл дәстүрді әрі қарай жалғастыруға дайын екендерін білдірді.

Қаратаудың шыңында желбіреген Ту – тәртіп сақшыларының адал қызметінің, елге деген құрметінің және заңның үстемдігін ұлықтауға деген ұмтылысының белгісі. Бұл бастама – полиция қызметкерлерінің тек кәсіби емес, азаматтық парызға берік, рухани кемелденген тұлғалар екенінің дәлелі. «Заң мен Тәртіп» идеологиясы енді биік шыңдарды да бағындырып, ел сенімін ақтауға бағытталған жарқын істермен жалғасып жатыр.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*