ЖЕТІСАЙДА ӘКЕЛЕР КҮНІНЕ ОРАЙ ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ: ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МЕН ОТБАСЫ ТӘРБИЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА

Жетісай ауданында Әкелер күніне орай ерекше форматтағы тағылымды кездесу ұйымдастырылып, оған аудандық полиция қызметкерлері, «Әкелер мектебі» мүшелері, ардагерлер және қоғам белсенділері қатысты. Іс-шара аудандық «Асыл қазына – тең қоғам» қоғамдық мекемесінің бастамасымен өтті. Кездесудің басты мақсаты – отбасындағы әкенің орны, ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі мен жауапкершілігі туралы ой бөлісіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу болды.

Іс-шараға арнайы шақырылған қонақтардың қатарында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбай Махамбетов пен «Әкелер мектебі» қозғалысының белсенді мүшелері болды. Кездесу Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен достық, ашық, еркін форматта өтті. Қатысушылар шахмат ойнап, бір-бірімен еркін пікір алмасып, өзара тәжірибе бөлісті.

Полиция қызметкерлері тек құқық қорғау саласындағы өз жұмыстарымен ғана емес, отбасы құндылықтарын қолдау, әке ретінде қоғамда алатын орындарына қатысты да ашық ой білдірді. Шара барысында бала тәрбиесіндегі әке рөлінің маңыздылығы, ұлттық тәрбие мен отбасы мәдениеті сынды маңызды тақырыптар кеңінен қозғалды.

Кездесу барысында ардагерлер мен ақсақалдар отбасындағы әкенің үлгі-өнегесі, жастарға бағыт-бағдар беруі, ұрпаққа аманат болатын ұлттық тәрбиенің мәні жайында құнды пікірлер айтты. Әсіресе қазіргі жаһандану заманында баланың тәрбиесі тек ананың емес, әкенің де жауапкершілігі екенін атап өтті.

Ардагер Айтбай Махамбетов өз сөзінде:

«Әке – отбасының тірегі ғана емес, ұл-қызына өмірлік бағыт көрсететін темірқазық. Бала көргенін істейді, сондықтан әке – тәрбие мектебінің басты ұстазы болуы керек», – деп атап өтті.

Жетісайлық полицейлер де өз кезегінде әке болудың жауапкершілігі туралы, отбасындағы тәртіп пен тәрбиенің өзара байланысы жайында ой бөлісті. Олар мұндай кездесулердің маңызын ерекше атап өтіп, тәртіп сақшылары қоғамға тек заңмен емес, өнегелі істерімен де үлгі болу керек екенін айтты.

Іс-шарада жасөспірімдердің құқықтық тәрбиесіне қатысты мәселелер де қозғалды. Әкенің бала тәрбиесіне белсене араласуы – қылмыстың алдын алудың да бір жолы екені айтылды. Жеткіншектердің болашақта елге адал қызмет ететін азамат болып өсуіне әке тәрбиесінің әсері зор екендігіне барша қатысушылар бірауыздан келісті.

Кездесу барысында ұлттық тәрбиеге ерекше назар аударылды. Қазақы тәрбие негізіндегі ер-азаматтың тұлғалық қалыптасуы, салт-дәстүрге деген құрмет, ата-ананы ардақтау, үлкенге ізет, кішіге құрмет – мұның бәрі де әкенің үйретуімен қалыптасатын құндылықтар екендігіне ерекше екпін берілді.

«Қазіргі таңда тек материалдық жағдай емес, рухани тәрбие, ұлттық тамырмен байланысты рухты биіктету қажет. Балаға берген дұрыс тәрбие – ел болашағына қосқан үлес,» – деген тұжырымдар айтылды.

Кездесу еркін сұхбат, өзара пікір алмасу, шахмат ойнау және достық пейілдегі тілдесу аясында өте жылы әрі мазмұнды өтті. Шара соңында қатысушылар өз ризашылықтарын білдіріп, осындай кездесулерді тұрақты түрде ұйымдастыру қажеттігіне тоқталды.

Жетісайда өткен бұл шара – қоғамда әке мәртебесін арттырып, олардың тәрбие берудегі маңызын насихаттауға бағытталған жарқын қадам болды. Ұлттық болмыс пен заманауи тәрбие жүйесін ұштастырып, келешек ұрпаққа өнеге көрсету – әрбір әкенің парызы екенін еске салған мазмұнды басқосу көпшіліктің көңілінен шықты.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*