
Түркістан қаласындағы «Толағай» бөбекжай-балабақшасында қаладағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының меңгерушілерімен кезекті жұмыс мәжілісі өтті. Іс-шараға Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Бақытжан Нұрмаханбетұлы Төлімбет арнайы қатысып, жаңа оқу жылына дайындық және ағымдағы оқу жылының қорытындылары бойынша кең ауқымды мәселелер қаралды.
Жиын барысында 2024-2025 оқу жылына арналған жоспарлар талданып, мектепке дейінгі мекемелерде атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды. Сондай-ақ, білім сапасын арттыруға бағытталған педагогикалық тәжірибелер, жетістіктер және нақты нәтижелерге қол жеткізген әдістемелік тәсілдер талқыланды.
Мектепке дейінгі ұйымдарда енгізіліп жатқан озық тәжірибелер мен тиімді әдістемелік үлгілер басқосуда ерекше назарда болды. Бірқатар меңгерушілер мен тәрбиешілер өз тәжірибелерімен бөлісіп, балалардың шығармашылық, когнитивті және коммуникативтік қабілеттерін дамытуға бағытталған жаңа тәсілдер туралы баяндады.
Кездесу барысында дербестендірілген қаржыландыру жүйесіне негізделген пилоттық жоба мәселелері де кеңінен сөз болды. Бұл жоба – мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына көрсетілетін мемлекеттік тапсырысты жаңа модель арқылы орналастыруды көздейді. Яғни, әрбір балабақшаға нақты бала санына байланысты қаржы бөлініп, мекемелердің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігі арта түседі.
Аталған пилоттық жобаның артықшылықтары мен кейбір туындайтын мәселелері жөнінде тәжірибелік талдау жасалып, ұсыныстар ортаға салынды. Бұл өз кезегінде балабақша жұмысын сапалық жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізетіні айтылды.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Бақытжан Нұрмаханбетұлы жиналыс қорытындысында қатысушыларға алғысын білдіре отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың маңызын ерекше атап өтті.
– Ел болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Ал білімге бастайтын алғашқы баспалдақ – балабақша. Сондықтан, баланың тұлға ретінде қалыптасуында тәрбиешілердің еңбегі зор. Сіздердің әрбір істеріңіз жауапты әрі маңызды. Алда жаңа оқу жылы, нақты жоспарлар мен міндеттер тұр. Бұл бағытта бірлесе отырып, нәтижелі жұмыс жүргізуіміз қажет, – деді бөлім басшысы.
Кездесу өзара пікір алмасу мен тәжірибе бөлісу алаңына айналды. Балабақша меңгерушілері білім саласындағы тың бастамаларды қолдап, балаларға сапалы білім мен тәрбиелік орта қалыптастыруда күш біріктіруге дайын екендіктерін жеткізді.
Жиын барысында қабылданған ұсыныстар мен бастамалар алдағы уақытта Түркістан қаласындағы мектепке дейінгі білім беру жүйесінің сапасын арттыруға серпін берері сөзсіз.
Пікір қалдыру