
Қазақстан полициясы күні мен ішкі істер органдарымен тығыз байланыста жұмыс істейтін «Динамо» қоғамдық бірлестігінің 100 жылдығына орай Түркістан облысында мерекелік-спорттық іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл шаралар құқық қорғау саласы қызметкерлерінің тек кәсіби емес, спорттық әлеуетін де паш етіп, командалық рух пен патриотизмді арттыруға бағытталған.
Түркістан қаласындағы заманауи «Түркістан Арена» стадионында облыстық Полиция департаментіне қарасты қалалық және аудандық бөлімдердің 16 командасы бас қосып, арнайы ұйымдастырылған «полиция эстафетасына» қатысты. Бұл жарыс — тек спорттық шара ғана емес, бірлікті, тәртіпті, тәртіп сақшыларының физикалық дайындық деңгейін көрсететін маңызды дода болды.
Эстафеталық жарыс барысында қатысушылар түрлі кедергілерді еңсеріп, жылдамдық, ептілік, командалық үйлесімділік бойынша бақ сынасты. Әр кезең – полиция қызметінің нақты элементтерін қамтитын спорттық тапсырмалардан тұрды. Бұл – құқық қорғаушылардың қызметтік міндеттерін орындау барысында қаншалықты физикалық дайын болуы керектігін айқын көрсетті.
Жарыс нәтижесі бойынша : І орын – Қазығұрт аудандық полиция бөлімі; ІІ орын – Кентау қалалық полиция бөлімі; ІІІ орын – Төлеби аудандық полиция бөлімі.
Эстафетадан кейін жарыс Түркістан облысы Полиция департаментінің арнайы тир алаңында жалғасын тапты. Мұнда полиция қызметкерлері Макаров тапаншасынан ату жарысына қатысып, мергендік қабілеттерін сынады. Бұл кезеңде қатысушылардың кәсіби машығы, қару ұстау техникасы мен дәлдігі сынға түсті.
Жекелей сын нәтижесі бойынша үздік атқыштар анықталды:
-
Ерлер арасында «Үздік атқыш» – Бақдәулет Ынтымақ, Созақ аудандық полиция бөлімінің инспекторы;
-
Әйелдер арасында «Үздік атқыш» – Аделя Сағынай, Сайрам аудандық полиция басқармасының инспекторы.
Командалық есеп нәтижесінде І орын – Қазығұрт аудандық полиция бөлімі; ІІ орын – Түркістан қаласы полиция басқармасы; ІІІ орын – Сауран аудандық полиция бөлімі.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер салтанатты түрде кубоктармен, медальдармен, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл марапаттар – олардың кәсіби біліктілігінің, еңбектегі табандылығы мен спорттық рухының нәтижесі ретінде берілді.
Шара соңында сөз алған ұйымдастырушылар мен қатысушылар осындай іс-шаралардың маңызын ерекше атап өтті. Полицейлердің айтуынша, мұндай спорттық жарыстар жеке құрамның кәсіби дайындық деңгейін арттырып қана қоймай, ұжымішілік татулықты нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға сеп болады.
«Бүгінгі мерекелік эстафета – полиция қызметкерлерінің бірігіп, ортақ мақсатқа ұмтылуын көрсеткен жарқын мысал. Мұндай жарыстар тәртіп сақшыларының моральдық және физикалық дайындығын шыңдап қана қоймай, қоғам алдындағы жауапкершілігін де тереңдете түседі,» – деді ұйымдастырушылар.
Түркістан облысында өткен бұл спорттық-бұқаралық іс-шара – Қазақстан полициясының беделін арттыруға, «Динамо» қоғамдық бірлестігінің спорттағы үлесін дәріптеуге және құқық қорғау органдарының сапындағы әрбір қызметкердің жан-жақты дамуына серпін беретін маңызды қадам болды.
Жарыс нәтижелері полицейлердің жоғары физикалық дайындықта екенін және кез келген жағдайда өз кәсібінің үдесінен шығуға дайын екендігін дәлелдеді. Командалар арасындағы бірлік, әріптестер арасындағы қолдау – мұндай шаралардың шынайы рухын көрсететін басты құндылық болды.
Пікір қалдыру