ШЫМКЕНТТЕ «ҚАРУ» ЖЕДЕЛ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ІС-ШАРАСЫ НӘТИЖЕЛІ ӨТТІ

2025 жылдың 1–10 шілде аралығында Шымкент қаласы Полиция департаменті қару-жарақ пен оқ-дәрілердің заңсыз айналымына қарсы бағытталған «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – атыс қаруын қолдана отырып жасалатын қылмыстардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтар арасында құқықтық мәдениетті арттыру болды.

Операция барысында полицейлер қала аумағында, оның ішінде шалғайдағы шаруа қожалықтары мен аңшылық аймақтарда тексеру жұмыстарын жүргізді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үйлерге рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, 5276 азаматтық қару иесі тексерілді.

Тексеру нәтижесінде 9 дана суық қару тәркіленіп, қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, азаматтық қару айналымы саласында 128 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталды. Қаруды сақтау, алып жүру және тасымалдау ережесін бұзған 3 адам, ал қару тіркеу тәртібін сақтамаған 20 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция қызметкерлері тұрғындарға заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді ерікті түрде тапсырудың маңыздылығын түсіндіру жұмыстарын да жүргізді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, заңсыз сақталған қару мен жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар, егер олардың әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.

Мұндай түсіндіру шараларының нәтижесінде бірнеше азамат өз еріктерімен қару-жарақтарын полицияға өткізді. Бұл өз кезегінде қаладағы қылмыс деңгейін төмендетуге және тұрғындар арасындағы қауіпсіздік мәдениетін арттыруға ықпал етеді.

Қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыстың алдын алуда Шымкент қаласы Полиция департаментінің атқарып жатқан жұмыстары ауқымды. Қала полицейлері күнделікті құқық бұзушылықтарға тосқауыл қойып қана қоймай, жастармен, білім беру мекемелерімен, тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс атқарады. Әлеуметтік желілер арқылы профилактикалық хабарламалар таратып, азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырады.

Полиция қызметкерлерінің бұл бағыттағы жүйелі және кешенді жұмыстары қала тұрғындарының тыныштығын сақтау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін айқын көрсетіп отыр. Қару айналымын бақылауда ұстау – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*