ҚЫРАҒЫЛЫҚ – ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ: ҰЛТТЫҚ ҰЛАН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ЗАТТАРДЫҢ МЕКЕМЕГЕ ӨТІП КЕТУІНІҢ АЛДЫН АЛДЫ

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері тағы да жоғары қырағылық пен кәсібилікті көрсетіп, түзеу мекемесінің аумағына тыйым салынған заттардың заңсыз жолмен жеткізілуіне тосқауыл қойды. Бұл оқиға «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінің бақылау-өткізу бекетінде, қызметтік тексеру кезінде орын алған.

Атап айтқанда, жеке атқыштар ротасының әскери қызметшілері Ерлан Қанат, кинолог көмекшісі Береке Дөнебай және қарауыл қызметін атқарған Ерболат Тойлыбай мен Ерназ Әскербеков бірігіп, түзеу мекемесіне кірмек болған «ГАЗель» маркалы жүк көлігін күдік туғызған соң тоқтатып, тексеріс жүргізген. Арнайы үйретілген қызметтік иттің көмегімен жүргізілген мұқият тексеру барысында бояу құтыларының арасына әдейі жасырылған тыйым салынған заттар анықталды.

Нақтырақ айтқанда, көлік ішінен 8 мобильді телефон, 4 қуаттағыш құрылғы, 2 SIM-карта және 3 жұп құлаққап табылған. Бұл заттардың мекеме ішіне өтіп кетуі жазасын өтеушілер арасында заңсыз байланыс пен ішкі тәртіпке нұқсан келтіруі мүмкін еді. Оқиға туралы жедел түрде кезекші бөлімге хабар беріліп, оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылды. Қазіргі таңда аталған факт бойынша тиісті тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Бұл – Ұлттық ұлан қызметкерлерінің күнделікті атқаратын аса маңызды жұмыстарының бір көрінісі ғана. Қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтау – олардың басты міндеті. Түрмелер мен түзету мекемелеріндегі ішкі тәртіпті бақылау, заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін олар тәулік бойы қызметте.

Ұлттық ұлан сарбаздары өз міндеттерін жоғары деңгейде атқарып, еліміздің ішкі қауіпсіздігін нығайтуға үлкен үлес қосып келеді. Қоғамдық орындарда тәртіпті қамтамасыз ету, бұқаралық іс-шараларда қауіпсіздікті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу – барлығы осы әскери құрылымның тікелей қатысуымен жүзеге асырылады.

Қырағылық – әскери қызметкердің басты қаруы. Қызмет барысында әрбір ұсақ-түйекке назар аудару, сәл күдікті жағдайдың өзін дер кезінде анықтап, әрекет ету – тәртіп пен қауіпсіздікті сақтаудың негізі. 6505 әскери бөлімінің сарбаздары бұл жолы да өздерінің кәсіби біліктілігін дәлелдеп, заңсыз әрекеттерге жол бермеді.

Осы сияқты оқиғалар Ұлттық ұлан қызметкерлерінің тек әскери тәртіп сақшысы ғана емес, ел тыныштығының сенімді қалқаны екендігін тағы бір мәрте көрсетеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*