
Түркістан қаласында кәмелетке толмаған балаға көлік тізгінін сеніп тапсырған азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің өңірлік тілшісі.
Бұл оқиға әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде анықталған. Видеоматериалдардың бірінде жасөспірім Hyundai Accent маркалы автокөлікті көпқабатты тұрғын үй ауласында жүргізіп бара жатқаны көрініс тапқан. Бұл бейнежазба жұртшылық назарын аударып, құқық қорғау органдары тиісті шара қолданды.
Полицияның анықтауынша, 40 жастағы Түркістан қаласының тұрғыны өз ұлына «көлік айдап үйренсін» деген мақсатпен рөлге отыруға рұқсат берген. Алайда жасөспірімнің жүргізуші куәлігі болмаған. Бұл заңға қайшы әрекет болғандықтан, азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Көлік арнайы айып тұрағына жеткізілді.
— Жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлік басқаруға рұқсат беру — жол қозғалысы қауіпсіздігін елемеу және адам өміріне тікелей қауіп төндіретін әрекет. Мұндай заң бұзушылықтардың соңы ауыр салдарға әкелуі мүмкін, — деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Соңғы уақытта кәмелетке толмаған балалардың көлік басқару деректері жиілеп барады. Полиция мұндай әрекеттердің алдын алу үшін профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, ата-аналарды жауапкершілікке шақыруда.
Мәселен, жақында Алматы облысында Mitsubishi Galant көлігімен жол-көлік оқиғасы тіркелді. Тергеу барысында көлікті кәмелетке толмаған жасөспірім басқарғаны анықталды. Бұл жағдай да ата-аналардың салғырттығының салдарына айналған.
Құқық қорғау органдары ата-аналарға балаларына көлік құралын басқаруға тыйым салуды, оларды жолда жүру ережелеріне баулуды және жеке үлгі көрсетуді ескертеді. Әрбір ата-ана баласының қауіпсіздігіне, сондай-ақ айналасындағы азаматтардың өміріне де жауапты екенін ұмытпауы тиіс.
Полиция жасөспірімдерге қатысты мұндай деректердің алдын алу бағытында рейдтік іс-шаралар мен түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Әлеуметтік желілер де бақылауда.
— Ата-аналардың жауапкершілігі — тек тәрбие беру емес, сонымен бірге баласының заң бұзбауына жағдай жасау. Бұл — қоғам алдындағы ортақ міндет, — дейді полиция өкілдері.
Пікір қалдыру