ЖЕТІСАЙДА ЖҮЗІМ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАЙТА ЖАНДАНЫП КЕЛЕДІ

Негізгі табысын диханшылықпен тауып отырған жетісайлық ағайын үшін егілген әр тұқымның өнімділігі, алынған өнімнің нарықтағы бағасы мен сұранысы – отбасы тіршілігі мен болашақ жоспарының өзегі. Өйткені бұл өңірдің халқы үшін той-томалақтан бастап, оқу, емделу, құрылыс секілді ірілі-ұсақты шаруалардың барлығы да Жер-Ананың жомарттығына байланысты.

Ауыл тұрғындары көп жағдайда бір ғана дақылмен шектелмей, әртүрлі көкөніс пен жеміс-жидек түрлерін егіп, өнімді молынан алуға машықтанған. Мұндай тәсіл – шығынды ақтап, табыс табудың және тәуекелді әртараптандырудың тиімді жолы. Бір алқаптан жылына екі-үш өнім алу, сұранысқа қарай дақыл түрін таңдау – жетісайлықтардың кәсіпкерлікке деген икемінің бір айғағы.

Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес Жылы су ауылдық округінде орналасқан «Erte-Agro» ЖШС-не арнайы барып, жүзім бағына жүргізілген жұмыстармен танысты. Шаруашылық жетекшісі Сұлтан Ерболұлының айтуынша, «Erte-Agro» ЖШС өз жұмысын 2017 жылы бастаған. 2018 жылы Украинадан «Аркадия», «Лидия», «Байқоңыр», «Анюта», «Велес», «Кодрянка», «Преображение», «Академик», «Дубовский» секілді 9 түрлі асханалық жүзім сорттары әкелініп, 40 гектар алқапқа көшет отырғызылған.

Жүзімдер тамшылатып суару әдісімен суғарылып, озық агротехнологиялар қолданылып келеді. Өнім негізінен Түркістан және Шымкент қалаларында саудаланып, ары қарай еліміздің өзге өңірлеріне таратылады. Бүгінде Жетісайдың жүзімі нарықта жоғары сұранысқа ие болып отыр. Шаруашылықта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, олардың еңбекақысы да, жұмыстың тұрақтылығы да көңіл қуантарлық деңгейде.

Аудан басшысы шаруашылық жұмысын жоғары бағалап, жүзім өсіруді дамыту мақсатында «Erte-Agro» ЖШС-ін өңірге үлгі ретінде ұсынды және тиісті сала мамандарына осы бағытты жүйелі жолға қою жөнінде тапсырмалар жүктеді.

Бүгінде Жетісай ауданында жалпы көлемі 466,8 гектар аумақта жүзімнің түрлі сорттары: отандық «Киш-миш», «Тайфи розовый», «Гузаль қара» мен шетелдік «Мускат Александровка», «Султанка белый», «Королева Винаградников» түрлері өсірілуде. Бұл өнімдер тек жергілікті базарлар мен көршілес аудандардың сұранысын қамтып қоймай, облыс көлемінде де танымал бола бастады.

Сонымен қатар ауданда бақша өнімдері, қызанақ, қияр, қауын-қарбыз, жүгері мен мақта шаруашылығы да кеңінен дамыған. Ерте көктемнен бастап, қара күзге дейін еңбек еткен дихандар тек ішкі нарықты ғана емес, сырт елдерге де өнім экспорттап отыр. Бұл бағытта кооперативтер құру, агроөнеркәсіп кешендерін цифрландыру, жаңа технологияларды енгізу – жергілікті атқарушы органдар мен ауыл шаруашылығы басқармасының басты назарында.

Жер-Ананы қадірлеген, бейнетпен береке тапқан Жетісай жұртына қолдау көрсетіп, озық тәжірибелерді кеңінен енгізу – өңірдің болашағы үшін маңызды. Себебі ауыл шаруашылығы – азық-түлік қауіпсіздігінің, экономикалық тұрақтылықтың және әлеуметтік әл-ауқаттың басты кепілі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*