
2025 жылғы 10 мамыр мен 14 маусым аралығында Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінде еліміздің жоғары оқу орындары студенттері арасында ХІІІ жазғы Универсиадаөтті. Бұл туралы Kazinform агенттігі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап хабарлаған болатын.
Ауқымды спорт додасына республика бойынша 76 жоғары оқу орнынан 4000-нан астам студент қатысып, 17 спорт түрінен бақ сынады. Атап айтқанда: бадминтон, үстел теннисі, баскетбол, шахмат, таэквондо, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика, каратэ-до, волейбол, дзюдо, еркін күрес, әйелдер күресі, грек-рим күресі, қазақ күресі, бокс, жүзу және футзал сынды спорт түрлері қамтылды.
Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлерінен — тоғызқұмалақ пен қазақ күресіне ерекше мән берілді. Бұл жарыстарға 600-ден астам студент қатысты. Тоғызқұмалақ бойынша өткен жарысқа 32 жоғары оқу орнынан 192 студент қатысса, үстел теннисінен 26 оқу орнынан 156 студент өнер көрсетті.
Универсиаданың салтанатты ашылу рәсімі 16 мамыр күні «Түркістан Арена» орталық стадионында өткен, ал жабылу салтанаты 13 маусым күні заманауи «OLYMPIC CENTER» спорт кешенінде ұйымдастырылды.
Жарыстар университеттің өз спорт залдарында ғана емес, сонымен қатар Түркістан қаласындағы жаңа үлгідегі заманауи спорт кешендерінде өткізілді. Универсиада аясында 800-ден астам медаль мен 100-ден аса кубоксарапқа салынды. Спортшылардың дайындығы мен ұйымдастырушылық деңгейі жоғары бағаланды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жарыстар студенттер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, бұқаралық спортты дамытуға және жастардың патриоттық рухын арттыруға оң ықпал етті. Сондай-ақ жарыстар білім алушылардың өзара достығы мен тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жас спортшылар Универсиадада өз университеттерінің намысын қорғап, тартысты бәсекелер көрсетті. Олардың арасында халықаралық деңгейде көзге түсіп жүрген таланттар да болды.
ХІІІ жазғы Универсиада еліміздегі жастар спортын жаңа белеске көтеріп, болашақ чемпиондарға жол ашты.
Пікір қалдыру