Танымал бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайып Түркістанда ұлттық өнерді насихаттауға кірісті

желіден алынған

Түркі әлеміне танымал бүркітші қыз – Айшолпан Нұрғайып Түркістанда ұлттық аңшылық өнерді дәріптеу бағытындағы жұмысын бастап кетті. Ол аймақта бүркітшілікке арналған этномузей ашып, жастарға бұл көне өнердің қыр-сырын үйретпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айшолпан Нұрғайыптың есімі әлемге 2016 жылы кеңінен танылды. Ол туралы америкалық режиссер Отто Беллтүсірген «The Eagle Huntress» («Бүркітші қыз») деректі фильмі Sundance халықаралық кинофестивалінде көрсетіліп, 30-дан астам елде таралды. Ол кезде Айшолпан небәрі 13 жаста еді. Фильмде қазақтың ертеден келе жатқан саятшылық өнерін қыз бала меңгергені көрсетіліп, бүкіл әлемнің қызығушылығын тудырды.

Айшолпанның таланты мен батылдығы шетелдік БАҚ-та кеңінен жазылып, ол Нью-Йорк қаласында өткен арнайы шарада «Азияның батыл қызы» атағына ие болды. Сонымен қатар, BBC, CNN, National Geographic, The Guardian сынды беделді ақпарат құралдары Айшолпан жайлы арнайы сюжеттер мен мақалалар жариялаған болатын.

– Мен бала кезімнен бері бүркітке қызығып өстім. Ағам әскерге кеткенде бүркітін маған тапсырды. Сегіз жасымнан бастап осы өнермен шұғылданып келемін. Фильм жарық көргеннен кейін 30-дан астам елге барып, қазақ өнерін насихаттауға мүмкіндік алдым. Ал Қазақстанға алғаш келгенде ерекше толқыдым. Бұл – менің ата-бабамның елі. Көзіме жас келіп, туған жерімді көргеніме қуандым, – деді Айшолпан Нұрғайып Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында.

2023 жылы Айшолпан ата-анасымен бірге Қазақстанға тарихи отанына оралды. Шетелдік университеттерден білім гранттарын алғанына қарамастан, ол Қазақстандағы жоғары оқу орнын таңдап, «Қазақ тілі мен әдебиеті»мамандығы бойынша білім алды. Қазір ол ұстаздық пен ұлттық өнерді қатар алып жүруде.

Түркістандағы этноауыл кешенінде ашылып жатқан музейде бүркітшілікке арналған жәдігерлер, аңшылық құралдары, фотосуреттер мен арнайы көрмелер қойылады. Сонымен қатар, туристер мен қала қонақтары ұлттық киім киіп, жылқы немесе түйеге мініп, бүркітті қолға алып суретке түсу сияқты этнографиялық тәжірибеден өте алады.

– Айшолпан табиғатпен етене өмір сүретін тұлға. Ол тек бүркітші ғана емес, ұлттық рухтың, шынайылықтың бейнесі. Оның өнері мен өмір жолы жастарға үлгі болуы керек, – дейді оның тәлімгері, этнограф Баян Керімбекова.

Айшолпанның айтуынша, ол келешекте ұлттық аңшылық өнер бойынша балаларға арнайы үйірме ашып, бүркіт баптау, тазы ұстау, аңшылық мәдениет секілді сабақтарды ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл жоба Түркістан өңірінің туризмін дамытуға, сондай-ақ қазақтың дәстүрлі мұрасын ұлықтауға бағытталған.

Ұлттық болмыстың символына айналған Айшолпанның бастамасы ел ішіндегі ғана емес, халықаралық деңгейдегі этномәдени туризмнің дамуына да жаңа серпін береді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*