
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Бүгінде Түркістан қаласында орналасқан ҚР ІІМ Ұлттық гвардиясының №5574 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген қатардағы жауынгер Шахбоз Сатыбалдиев – өзгелерден ерек. Ол тек әскери тәртіп пен жауынгерлік дайындықты ғана емес, сонымен қатар алты тілді еркін меңгерген білімімен де көзге түсіп отыр. Шахбоз – өзге этнос өкілі бола тұра, қазақ тілін таза сөйлеп, тарихымыз бен мәдениетімізді терең білетін үлгілі сарбаз.
Астана қаласынан шақырылған жас жауынгер – ұлты тәжік. Ол туған ана тілі – тәжік тілінен бөлек, қазақ, өзбек, орыс, түрік және корей тілдерін меңгерген. Өзінің айтуынша, әр тілді ол жай ғана сөз жаттау немесе грамматика арқылы емес, сол ұлттың дүниетанымын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сезіну арқылы үйренген.
«Мен үшін тіл – бұл тек қатынас құралы емес. Бұл – халықтың жаны. Әр тілді меңгерген сайын мен сол ұлтқа, оның мәдениетіне жақындай түстім. Бұл менің әлемге деген көзқарасымды кеңейтті», – дейді Шахбоз Сатыбалдиев.
Оның мұндай қабілеті әскери қызмет барысында да пайдалы болып отыр. Түркістан – тарихи, рухани әрі туристік орталық, мұнда күн сайын шетелден келген қонақтар көп. Жас жауынгер патруль кезінде шетел азаматтарына көмек көрсетіп, жергілікті заңдар мен қоғамдық тәртіп ережелерін түсіндіреді.
«Адаммен өз ана тілінде сөйлескенде, олардың сенімі артады. Бұл – қоғамдық қауіпсіздік пен бейбіт өмірдің негізі», – дейді ол.
Шахбоздың айтуынша, тіл – тек сөздерден тұрмайды. Ол – жүрек пен ақылдың үндестігі, ал оны меңгеру – сабыр мен қызығушылықтың нәтижесі. Оның арманы – болашақта аударма ісімен айналысып, түрлі елдердің мәдениетін жақындастыруға үлес қосу.
Ұлттық гвардия басшылығы да Шахбоздың ерекше қабілеттерін жоғары бағалап отыр. Олар оның дисциплинасы, ұқыптылығы мен жауапкершілігі басқа сарбаздарға үлгі бола алатынын айтады. Командирлердің мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында ғана бөлімше сарбаздары Түркістан аумағында 300-ден астам құқықбұзушылықтың алдын алған. Солардың бірқатарына Шахбоз тікелей атсалысқан.
Шахбоз – көпұлтты қоғамымыздың шынайы көрінісі. Ол бірлік пен татулықтың, тіл үйренуге деген ынтаның жарқын үлгісі. Оның өмірлік ұстанымы – “Білім мен тәртіп – күш”, ал арманы – ел бірлігін нығайтып, түрлі ұлттарды достыққа бастау.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні – елдегі 130-дан астам этнос өкілдерінің татулығын, өзара түсіністігін паш ететін ерекше мереке. Мемлекет басшысы бұл күні:
«Ұлт бірлігі – ел тұрақтылығының кепілі. Бірлік пен келісім болған жерде болашақ жарқын болады», – деп атап өтті.
Шахбоз Сатыбалдиев – дәл осы бірлік пен бейбітшілікке өз еңбегімен үлес қосып жүрген жастардың бірі. Білімге деген құштарлық, халыққа деген құрмет пен патриоттық рух – оны өз қатарластары арасынан даралап тұр.
Пікір қалдыру