
Түркістан қаласында балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі, оларды құқық бұзушылықтан, өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттерінен, әлеуметтік қатерлерден қорғау – жергілікті биліктің басты назарындағы мәселелердің бірі болып қала береді. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.
Қала әкімдігі, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау және білім беру салаларының басшылары, қоғамдық ұйымдар мен жауапты мекемелердің өкілдері тұрақты түрде бас қосып, жасөспірімдер арасындағы суицид, қылмыс, ерте жүктілік сияқты күрделі де өзекті проблемаларды жан-жақты талқылап, олардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жоспарын қабылдайды.
Жуырда Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен кеңесте дәл осы бағыттағы жұмыстардың жай-күйі мен тиімділігі талданды. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, прокуратура мен полиция қызметкерлері, сондай-ақ төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері қатысты. Кеңесте бірқатар нақты мәселелер күн тәртібіне қойылды.
Алдымен кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу жайы сөз болды. Бұл туралы Түркістан қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Ахан Сапарбеков баяндама жасады. Оның мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы алты айында жүргізілген кешенді профилактикалық шаралардың нәтижесінде жасөспірімдер тарапынан жасалған қылмыс деңгейі 63,6 пайызға төмендеген. Бұл – жүргізіліп жатқан жұмыстың оң нәтижесін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында қала аумағында 140 сарбаздан тұратын Ұлттық ұлан қызметкерлері жұмылдырылып, олар 47 бағыт бойынша жаяу патруль қызметін атқаруда. Бұған қоса, тәулігіне үш ауысыммен жұмыс істейтін 13 автопатрульдік полиция тобы қала көшелерін тұрақты түрде шолып, тәртіпті қадағалап отыр.
Полиция мен білім беру ұйымдары өзара тығыз ынтымақтастық орнатып, осы уақытқа дейін 209 түсіндіру шарасын өткізген. Мұндай кездесулерде оқушылар мен олардың ата-аналарына құқықтық сауаттылықты арттыру, ерте жүктіліктің, нашақорлықтың және өзіне-өзі қол жұмсау фактілерінің алдын алу бойынша дәрістер оқылып, интерактивті семинарлар ұйымдастырылды. Бұл шаралар жас буынның өмірлік қауіпсіздігіне, рухани және психологиялық саулығына оң ықпал етеді.
Кеңесте қозғалған келесі маңызды мәселе – жазғы шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары. Түркістан қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Асқар Сейсенов осы тақырыпта баяндама жасап, маусым айынан ресми басталған шомылу кезеңіне орай қабылданып жатқан алдын алу шараларымен таныстырды. Қала аумағындағы су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірқатар нақты жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, шомылуға арналған 15 бассейнге тұрақты түрде бақылау жүргізіліп, олардың техникалық және санитарлық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тексерілуде. Қауіпсіздік ережелерін сақтау – бала өмірін қорғаудың басты кепілі екені баса айтылды.
Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топтағы және көп балалы отбасылардан шыққан балалардың жазғы демалысын тиімді әрі қауіпсіз ұйымдастыру мәселесі де кеңінен сөз болды. Бұл бағытта жергілікті билік пен жекеменшік нысандар арасында серіктестік орнатылып, нәтижесінде 7 түрлі бассейнмен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы бастама аясында 67 отбасының 200-ден астам баласы тегін шомылу курстарына және жүзуді үйрену сабақтарына тартылды.
Жиынды қорытындылаған Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғамның ортақ әрі басты міндеті екенін атап өтті. Ол жаз мезгілінде болатын қауіптерге бейжай қарауға болмайтынын айтып, барлық сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді. «Әрбір маман өз саласы бойынша белсенділік танытып, балалардың өміріне төнетін қауіптердің алдын алу бағытындағы шараларды тиімді ұйымдастыруы керек. Қауіпсіздікке немқұрайлы қарауға жол берілмейді», – деді шаһар басшысы.
Осылайша, Түркістан қаласы әкімдігі балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид пен құқық бұзушылықтың, әлеуметтік қатерлердің алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды үздіксіз жалғастырып келеді. Бұл салада барлық жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктеліп, әрқайсысының қызметі бақылауда болады. Болашақта аталған шаралар одан әрі кеңейтіліп, балалардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін кешенді түрде жаңа қадамдар жасалады.
Пікір қалдыру