Ұлттық өнердің жас шамшырағы – түркістандық жас Бауыржан Садыбеков

желіден алынған

үркістанда Қазанғапты ұлықтаған кеш өтті: күй өнеріне қызмет етіп жүрген Бауыржан Садыбековтің шығармашылығымен сабақтасты

Түркістан – тек тарихи қаласы ғана емес, сонымен бірге өнердің де алтын ордасы. Ұлттық рухты жаңғыртып, өткеннің үнін бүгінге жеткізетін мәдени орталық ретінде қалада дәстүрлі музыкаға, оның ішінде күй өнеріне деген қызығушылық күн санап артып келеді. Осы үрдіс барысында жас күйші Бауыржан Садыбековтің есімі ерекше аталып жүр. Жуырда өткен Қазанғап Тілепбергенұлының 170 жылдығына арналған әдеби-музыкалық кеш те бұл бағыттағы маңызды мәдени оқиғалардың бірі болды.

Ұлттық өнердің жас шамшырағы – Бауыржан Садыбеков

Бүгінде республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда топ жарып жүрген талантты домбырашы – Бауыржан Садыбеков. Оның күй өнеріне деген махаббаты бала кезінен бастау алды. Алғаш рет домбыраны қолына ұстағанда оның саусақтары пернеге әрең жететін кішкентай сәби болатын. Бауыржанның алғашқы кәсіби музыкалық қадамы – Семей қаласындағы Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінде басталды. Бұл оқу орнында ол домбырамен жұмыс істеудің бастапқы әдістемелерін меңгеріп, күй әлеміне терең бойлай бастады.

Өнер жолын жалғастыру үшін Бауыржан арман қала – Алматыға жол тартып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының дәстүрлі музыка бөлімін тәмәмдады. Осында оқып жүріп, ұлттық мұраның тереңдігін сезінді, күйдің мәнін шын түсінді. Қазіргі таңда ол туған жері Түркістандағы көпсалалы мәдени кешенде еңбек етіп, жастарға тәлім беруде.

«Мен бұл өнерге мектеп қабырғасынан бастап қадам бастым. Алғашында күйдің киесін толық түсіне қоймаған едім. Колледжге түскен соң, ұстаздарымның кеңестері мен күй тарихына деген қызығушылық арқылы оның терең мәніне бойлай бастадым», – дейді Бауыржан.

Ол үшін домбыра – жай ғана аспап емес, бұл — ата-бабадан жеткен аманат. Әр күйді орындаған сайын, қазақ халқының үнін, рухын сезінеді. Бұл үннің әр көрерменнің жүрегіне жетуін мақсат етіп, шабытпен орындайды. Сонымен бірге, күйді тек орындап қана қоймай, өзінің де шығармашылық ойларымен бөліседі:

«Кей сәттерде ерекше көңіл-күй билегенде күй шығаратыным бар. Бірақ ол – әлі пісіп жетілмеген дүние. Болашақта дайын болғанда, міндетті түрде көпшілікпен бөлісемін».

Тек сахнада ғана емес, өмірде де ол жас буынға үлгі бола алатын азаматқа айналып отыр. Оның арманы – әр қазақтың үйінде домбыра тұрып, шанақтан әуен төгіліп тұрса дейді. Сол арқылы бала кезінен ұлттық музыкаға құмар болып өсетін ұрпақ тәрбиелеуге атсалысып жүр.

Қазанғапты ұлықтаған кеш: ұлттық мектептің жалғасы

2024 жылы Түркістан қаласында өткен әдеби-музыкалық кеш – «Жырлайды Арал перзенті» өткен болатын. Кеш Қазанғап Тілепбергенұлының 170 жылдығына орай ұйымдастырылды. Шараны облыстық «Фараб» ғылыми әмбебап кітапханасы өткізіп, өнер мен әдебиет сүйер қауымға рухани кеш сыйлады.

Іс-шараны облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының жетекшісі Асылхан Темірханмен кітапхана директоры Жанат Шәрдарбекова ашып, күйші Қазанғаптың қазақ музыка тарихындағы орнына тоқталған-ды. Олар өз сөздерінде Қазанғаптың өнерін алғаш зерттеген академик Ахмет Жұбановтың еңбегін атап өтті. Жұбанов күйші туралы: «Ол өзіндік орындаушылық техникасы бар, сол қолмен орындау мәнерін терең меңгерген шебер домбырашы», – деп жазған болатын.

Қазанғап Тілепбергенұлы – тек орындаушы емес, сонымен бірге батысқазақстандық күй мектебіне жаңа леп әкеліп, композиторлық-орындаушылық дәстүрді негіздеген тұлға. Оның күйлерінде философиялық ой мен техникалық күрделілік тоғысқан.

Кеш барысында арнайы қонақ ретінде шақырылған домбыра пәнінің оқытушысы Ерлан Жәкіпбеков пен жоғарыда айтылған Бауыржан Садыбеков көрермендермен күйші өмірінің қызықты сәттерімен бөлісіп, Қазанғаптың танымал күйлерін орындап берді. Бұл кеш жас орындаушыларға шабыт беріп қана қоймай, күй өнерінің терең тамырын танытуға бағытталды.

Сондай-ақ, кітапхана ұжымы Қазанғап шығармашылығына арналған арнайы кітап көрмесін ұйымдастырып, оның өмірі мен өнері туралы деректерді қамтыған бейнефильм көрсетілімімен толықтырылған еді. Кешке жиналған көрермендер бұл мәдени шарадан ерекше әсермен тарасты.

Түркістан – күй мен рухтың алтын бесігі

Бүгінгі Түркістан – тек ежелгі тарихымен емес, мәдени өмірінің қызу қарқынымен де даралануда. Қазанғаптай ұлы тұлғаларды ұлықтап, Бауыржан секілді жаңа буын дарындарын қолдап отырған ортаның берер тағылымы зор. Бұл кеш – бір ғана естелік шара емес, дәстүр мен сабақтастықтың нақты көрінісі болды.

Жас күйші Бауыржан Садыбековтің өнері арқылы кешегі Қазанғаптың рухы бүгінге жетіп, болашаққа жол тартты. Осылайша Түркістанда өткен бұл әдеби-музыкалық кеш ұлттық өнер мен руханиятқа қызмет ететін жаңа дәуірге жалғасты. Ұрпақтар сабақтастығының әдемі көрінісі — Қазанғап бабасындай, Бауыржанның Өөзі де осы асқақ мұрат жолында өмір бойы адал қызмет етуге дайын.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*