
2025 жылдың 29 шілдесінде «Заң және тәртіп» қағидаты аясында Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастамасымен маңызды қызметтік кездесу ұйымдастырылды. Бұл шараға қала әкімі аппаратының терроризмге қарсы күрес жөніндегі комиссиясы мен оның жұмысын қамтамасыз ету бөлімінің қызметкерлері, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы объектілерінің басшылары қатысты. Кездесу «Террористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмнен қорғау» тақырыбында өтті.
Аталған жиынның негізгі мақсаты – көлік саласындағы террористік тұрғыдан осал нысандардың қауіпсіздігін күшейту, террористік қауіп-қатерлерге дайындықты арттыру және алдын алу шараларын жетілдіру. Осал объектілер қатарына жолаушылар тасымалдайтын автовокзалдар, теміржол вокзалдары, автобазалар, логистикалық орталықтар мен қоймалар секілді нысандар жатады. Олар қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан аса маңызды, сондықтан олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттік маңызы бар міндеттердің бірі.
Кездесу барысында қатысушыларға арнайы нұсқаулықтар кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда:
-
Террористік актілерге қарсы іс-қимыл алгоритмі,
-
Жарылғыш заттарды тану белгілері,
-
Күдікті адамдар мен күдікті заттар анықталған кездегі персоналдың іс-қимылдары,
-
Эвакуациялау тәртібі мен төтенше жағдайлар кезіндегі әрекет жоспары секілді нақты қадамдар талқыланды.
Сонымен қатар, жиын аясында Шымкент қаласы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығымен көлік инфрақұрылымы нысандарында орнатылған бейнебақылау жүйелерін интеграциялау мәселесі де көтерілді. Бұл – құқық қорғау органдарының жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыратын маңызды қадам. Интеграция арқылы полиция қызметкерлері нақты уақытта нысандардағы ахуалды қадағалап, кез келген күмәнді әрекетке дер кезінде жауап бере алады. Қатысушыларға интеграция процесінің техникалық және заңдық аспектілері бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Жиын барысында полицейлер «осал объектілер» ұғымының мәнін де ашып көрсетті. ҚР Үкіметінің 2021 жылғы №70 қаулысына сәйкес, террористік тұрғыдан осал нысандардың тізбесі жасалып, оларды қорғау бойынша міндеттер нысан иелеріне және пайдаланушыларға жүктелген. Бұл талаптар тек ірі нысандарға ғана емес, адамдар көп жиналатын кез келген орындарға қатысты – мысалы, сауда орталықтары, аялдамалар, базарлар және оқу орындары.
Іс-шарада сондай-ақ персоналды оқыту мен ішкі қауіпсіздік регламенттерін жетілдіру мәселелері де көтерілді. Көп жағдайда лаңкестікке қарсы әрекетте алғашқы минуттар шешуші рөл атқарады. Сондықтан әрбір қызметкерге жарылғыш құрылғылардың мүмкін болатын түрлерін, олардың сыртқы белгілерін, және осындай жағдай туындағанда өз қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, жолаушылардың өмірін сақтап қалудың жолдарын үйрету маңызды.
Кездесу соңында қатысушылар арасында сұрақ-жауап түрінде пікір алмасу ұйымдастырылды. Көлік инфрақұрылымы басшылары өздеріне жүктелген міндеттер мен қауіпсіздік талаптарын нақты түсініп, бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіруге дайын екендерін білдірді. Тараптар терроризмге қарсы күресте ведомствоаралық ынтымақтастықты күшейту қажет екенін атап өтті.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің өкілдері бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты. Терроризмге қарсы профилактика – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір нысан иесінің, әрбір азаматтың ортақ міндеті екені айтылды.
Пікір қалдыру