Түркістан сақшылары»: Қазақстандағы алғашқы жасанды интеллект көмегімен жасалған мультфильм жарық көрді

анимациялық фильмнен алынған

Turkistan телеарнасы балаларға арналған отандық анимация саласында жаңа кезеңнің бастамасын жариялады.

2025 жылдың көктемінде Turkistan телеарнасы жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, Қазақстанда алғаш рет толыққанды анимациялық мультфильм жасады. «Түркістан сақшылары» деп аталатын бұл жоба рухани астана – Түркістан қаласын мифологиялық кейіпкерлер арқылы танытып, балаларды ұлттық құндылықтарға тәрбиелеуді мақсат етеді.

Мультфильмнің авторы және жобаның жетекшісі — телеарна қызметкері Ғасыр Құралбай. Оның айтуынша, жасанды интеллект негізінде жасалған алғашқы серияны бар болғаны жеті күнде әзірлеген. Бұл процеске жұмсалған жалпы шығын небәрі 70 мың теңгені құраған. Соның ішінде 100 АҚШ доллары – платформаға жазылуға, ал 20 мың теңге – музыкалық сүйемелдеу мен дыбыс жазуға кеткен.

Ғасыр Құралбай болашақта бұл жобаны кеңейтіп, толықметражды коммерциялық анимациялық фильмретінде кинотеатрларда көрсетуге ниетті екенін айтты. Қазіргі таңда келесі серия әзірленіп жатыр.

Мультфильм желісі ежелгі мифтік сарында өрбиді. Әрбір кейіпкер — бала санасына жақын әрі тәрбиелік мәні зор бейнелермен берілген. Ақпантер — жылдам әрі батыл қабылан, әділет үшін күреседі. Алтынқанат — қырағы бүркіт, биіктен байқап, ақылымен бағыт береді. Тасбатыр ата — дана тасбақа, ұрпаққа өткеннің өнегесін жеткізетін символ.

«Бұл мультфильм жай ғана ойын-сауық емес, ол арқылы біз балаларға патриоттық тәрбие бергіміз келеді. Түркістан — киелі мекен, ал оны қорғайтын кейіпкерлер балалардың қиялын дамытып, отаншыл рухын оятады», — дейді автор.

Мультфильмде дәстүрлі қазақ музыкасы мен заманауи дыбыстық эффектілер үйлесім тапқан. Басты идея — технология мен ұлттық болмысты ұштастыру.

Turkistan телеарнасының бұл бастамасы отандық анимация нарығындағы тың серпіліс ретінде бағаланып отыр. Мамандар мұндай жобалар балалар аудиториясын қызықтырып қана қоймай, қазақстандық контент сапасын арттыратынын айтуда.

Мультфильмнің алғашқы сериясы әлеуметтік желілерде де оң пікірлерге ие болды. Түркістан қаласының тұрғындары мен педагогикалық қауымдастық бұл жобаны жылы қабылдап, мектептерде патриоттық сабақтарда пайдалануға ниет білдіруде.

Қазіргі таңда Turkistan телеарнасы мультфильмнің келесі бөлімдерін жасау бойынша серіктестік іздеуде. Автор ұжымы мемлекеттік гранттар мен демеушілік қолдау арқылы жобаны кең ауқымда дамытуға дайын екенін мәлімдеді.

«Түркістан сақшылары» — тек мультфильм ғана емес, ол — жаңа технология мен қазақы рухтың тоғысқан заманауи үлгісі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*