
Түркістан қаласында әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысы қарқынды жалғасып жатыр. Облыс орталығында жаңа үлгідегі перзентхана мен заманауи оңалту орталығы бой көтеруде. Бұл жобалар шетелдік және отандық инвесторлардың, сондай-ақ қайырымдылық қорларының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Құрылыс жұмыстарының барысын Түркістан облысы әкімінің аппаратының басшысы Еркебұлан Дәулетбаевтікелей барып тексерді.
Аталған нысандардың ішіндегі ең маңыздысы — «Ана мен бала» орталығы. Жоба аясында 80 төсек-орындық жаңа перзентхана салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары Біріккен Араб Әмірліктерінің «Абу-Даби» қорыныңқаржылай қолдауымен іске асырылуда. Жобаның тапсырыс берушісі – «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры, ал мердігер ұйым ретінде «Эристайл-Казахстан» құрылыс компаниясы таңдалған.
Жаңа перзентхананың құрылысы 3 гектардан астам аумақта жүргізілуде. Жалпы ғимараттың көлемі 17 мың шаршы метрден асады. Қазіргі таңда құрылыс алаңында жер жұмыстары аяқталып, іргетасын құю және кері көму жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келешекте бұл орталықта босануға барлық жағдай жасалып, аналар мен сәбилерге қолайлы әрі қауіпсіз орта қамтамасыз етіледі.
Түркістан облысы әкімінің аппаратының басшысы Еркебұлан Дәулетбаев бұл жобаның уақытында және сапалы аяқталуын талап етті:
«Біз облыс көлемінде ұзаққа созылған құрылысқа жол бермеуіміз қажет. Барлық жұмыстар белгіленген кесте бойынша жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар құрылыс барысында жергілікті өндірістен шыққан құрылыс материалдары қолданылуы шарт. Жобалардың сапасы – облыс әкімінің ерекше бақылауында», – деді ол нысанды аралау барысында.
Сонымен қатар осы аумақта тағы бір маңызды әлеуметтік нысан — оңалту орталығының құрылысы қатар жүргізілуде. Бұл жобаны Түркиялық инвесторлар қаржыландырып отыр. Орталықтың жалпы аумағы 2000 шаршы метрден асады. Нысанда физиотерапия және қалпына келтіру процедураларына арналған заманауи емдеу кабинеттері, науқастарға арналған жайлы палата бөлмелері, сонымен қатар балаларға арналған ойын алаңы қарастырылған.
Оңалту орталығы аяқталған соң, ол заманауи медициналық құралдармен толық жабдықталып, қызмет көрсетуге толық дайын болады. Нысанның айналасындағы аумақ абаттандырылып, көгалдандырылатын болады, тұрғындар үшін ыңғайлы орта қалыптасады.
Бұл жобалар Түркістан облысындағы медициналық инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі кешенді шаралардың бір бөлігі болып табылады. Қаланың және өңірдің тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі арта түседі деп күтілуде. Осы арқылы перинаталдық және оңалту қызметтері жаңа деңгейге көтеріліп, ана мен бала денсаулығына басымдық берілмек.
Құрылысқа жауапты тараптардың айтуынша, нысандар қатаң белгіленген мерзімде толық аяқталады. Жоба сапасына қойылатын талап жоғары деңгейде, және құрылыс жұмыстары барлық кезеңде үзіліссіз бақылаудаболады. Бұл бастамалар облыс халқының әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға және Түркістан қаласының аймақтық медициналық хаб ретінде дамуына елеулі үлес қосады.
Пікір қалдыру