Балалық шақты қорғау: жазғы лагерьлерде есірткіге қарсы сенімді қалқан тұрғызылды

желіден алынған

Шымкент қаласында биылғы жазғы маусымда балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне ерекше назар аударылды. Мектеп жанындағы лагерьлерді қоса алғанда, жалпы 275 жазғы сауықтыру орындары жұмыс істеді. Әрбір лагерьде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жасөспірімдер қылмысының алдын алу, сондай-ақ есірткіге қарсы күрес пен нашақорлықтың алдын алу бойынша кешенді профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылды.

Осы шаралар барысында полиция қызметкерлері балаларға есірткі және өзге де психоактивті заттардың қауіптілігін кеңінен түсіндірді. Әр кездесуде зиянды әдеттердің денсаулыққа тигізер ауыр зардабы айтылып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Сонымен қатар жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқық бұзушылық түрлеріне назар аударылып, әлеуметтік желілердегі кейбір қауіпті ақпараттар туралы ескерту жасалды.

Осындай шаралардың бірі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Үш бұлақ» және «Hawaii» сауықтыру орталықтарында өткізген түсіндіру кездесулері болды. Мұнда балаларға арнап есірткіге қарсы ақпараттық науқан жүргізіліп, пайдалы мәліметтер қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізілді.

Кездесулердің тиімділігін арттыру мақсатында сұрақ-жауап түрінде зияткерлік ойындар ұйымдастырылды. Балалар белсенді түрде қатысып, өз ойларын ортаға салды, түрлі сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды. Мұндай тәсіл балалардың алған ақпаратты жақсырақ есте сақтап, өмірде қолдануына ықпал етті.

Іс-шараның соңында спорттық ойындар өткізілді. Қатысушылар футбол, эстафета секілді командалық жарыстарға қатысып, достық қарым-қатынас пен бірліктің маңызын сезінді. Әрбір бала өзін қауіпсіз ортада сезініп, пайдалы әрі қызықты уақыт өткізді. Кездесу естелік суреттерге түсумен аяқталды.

Бұл профилактикалық науқандардың басты мақсаты – жас буынның есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыру, оларды дұрыс таңдау жасауға баулу және зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауға үйрету болды. Полиция қызметкерлері мұндай шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.

Шымкент қаласының жазғы лагерьлерінде өткізілген осындай кездесулер балалардың құқықтық сауатын арттыруға, олардың өмірге деген дұрыс көзқарасын қалыптастыруға, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге және салауатты өмір салтын ұстануға бағытталды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*