
Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері киберқылмысқа қарсы іс-қимыл шаралары аясында ауқымды арнайы операция жүргізді. Нәтижесінде Шымкент, Алматы және Алматы облысында әрекет етіп келген интернет-алаяқтықпен айналысқан ұйымдасқан топтың қылмыстық әрекетіне тосқауыл қойылды.
Тергеу барысында күдіктілердің интернет-алаяқтықтың кемінде тоғыз дерегіне қатысы бар екендігі дәлелденді. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 141 миллион теңгеден асты. Бұл қаражат азаматтардың банк шоттарына заңсыз қол жеткізу, жалған төлемдер жасау және өзге де алаяқтық схемалар арқылы қолды болған.
Қылмыстық топтың төрт мүшесі ұсталды. Олардың ішінде топ басшысы, яғни негізгі ұйымдастырушы бар. Сонымен қатар, алаяқтық тобына дропперлерді іздеу және тарту жұмысымен айналысқан екі «дроповод» анықталды. Төртінші күдікті — қолма-қол ақша алып, оны ұйымдастырушыға жеткізіп отырған тасымалдаушы. Қазіргі таңда олардың басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Аталған іс-шара қалалық прокуратураның үйлестіруімен өткізілді. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полиция қызметкерлері күдіктілердің қылмыстық байланыстарын, қаржылық операцияларын және алдап түскен қаражаттың қозғалысын анықтап, қосымша айғақтар жинауда.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, интернет-алаяқтықтың ең кең тараған түрлерінің бірі — азаматтардың жеке деректерін заңсыз пайдалану, яғни банк карталарының нөмірін, төлем және сәйкестендіру құралдарын иемдену. Бұл ақпаратты иемденген қылмыскерлер жалған аударымдар жасап, жәбірленушілердің қаражатын қолды етеді.
Еске сала кетейік, Қазақстанда 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап банк шотына, төлем немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу, оларды беру немесе алу, сондай-ақ заңсыз ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Бұл өзгерістер азаматтарды қаржы алаяқтарынан қорғауға және киберқылмыстардың алдын алуға бағытталған.
Шымкент полициясы тұрғындарды интернеттегі сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырады. Әсіресе бейтаныс сілтемелерді ашпауға, күмәнді қосымшаларды жүктемеуге және банк деректерін бөгде адамдарға бермеуге кеңес береді. Әрбір азаматтың қырағылығы — киберқылмыстардың алдын алудың ең тиімді жолы.
Пікір қалдыру