ЦИФРЛЫҚ ДАМУ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ КЕЛЕШЕГІНІҢ КІЛТІ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларын, цифрлық трансформация бағыттарын және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелерін жан-жақты қамтыды. Бұл құжат – Қазақстанның алдағы жылдардағы даму бағытын айқындайтын, стратегиялық маңызы зор үндеу.

Президенттің айтуынша, алдағы үш жыл ішінде Қазақстан толыққанды цифрлық мемлекетке айналуы тиіс. Себебі цифрлық серпіліссіз және технологиялық ілгерілеусіз әлемдік бәсекеде ұтылып қалу қаупі жоғары. Бұл – қазірдің өзінде шындыққа айналып отырған жаһандық үрдіс.

«Экономиканың барлық саласына цифрландыру мен жасанды интеллект құралдарын жедел енгізу қажет», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Бұл ретте Президент Ұлттық цифрлық даму стратегиясын қабылдау қажеттігін алға тартып, замана көшінен қалмай, керісінше, озық мемлекеттермен терезе теңестірудің маңыздылығына тоқталды. «Заман ағысына икемделе алған ел ғана өрге жүзеді», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзі бүгінгі күннің ақиқатын дөп басады.

Президент Жолдауда жастардың бейімделгіштік қабілетін ерекше атап өтті. Жас ұрпақтың цифрлық сауаты, жаңа технологияны тез меңгеруі – Қазақстанның болашақ дамуының басты кепілі. Мемлекет басшысы бұл әлеуетті дұрыс пайдаланып, жастарды білім мен ғылымға бағыттау қажет екенін айтты. Сонымен қатар, адам капиталының сапасын арттыру, техникалық мамандықтарға басымдық беру, инновациялық кәсіпкерлікке жағдай жасау міндеттері де күн тәртібінен түспек емес.

Цифрландыру кезеңінде мәдениет пен руханияттың рөлі екінші орынға ысырылмауы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев өнер мен мәдениетті қолдаудың маңыздылығын баса айтты. Мәдениет қайраткерлері де жаңа заман талаптарына бейімделіп, креативті бағытта жұмыс істеуі керек. Бұл бағытта мемлекет инфрақұрылымдық және қаржылық қолдаулар көрсетуді жалғастырады.

Президент Абайдың «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген нақылын мысалға келтіре отырып, ұлттың дамуы ең алдымен білімді, парасатты, саналы азаматтарға байланысты екенін атап өтті. Бұл – ұлттың ішкі интеллектуалдық әлеуетін дамыту қажеттігін көрсетеді.

Жолдауда Қазақстанның көпвекторлы және сындарлы сыртқы саясатына да ерекше мән берілді. Мемлекет басшысы қазіргі геосаяси ахуалдың күрделене түскенін атап өте отырып, Қазақстанның бейбіт және өзара тиімді ынтымақтастықты қолдайтын ел ретінде бірқатар елдермен достық қатынасты нығайтып келе жатқанын жеткізді.

«Цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде мемлекетіміздің ұлттық стратегиялық мүддесіне сай келетін сыртқы саясат – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығымызға ықпал ететін басты фактор», – деді Президент.

Бұл – Қазақстанның халықаралық аренадағы ұстанымы мен серіктестік байланыстарын жаңа кезеңге көтеруге бағытталған нақты көзқарас.

Президент Жолдауы – тек мемлекеттік жоспар емес, ел болашағына бағытталған нақты бағдар. Цифрлық даму, жасанды интеллект, жастардың әлеуеті мен сыртқы саясаттағы серпінді ұстаным – бұлар Қазақстанның келешек дамуында шешуші рөл атқарады. Бұл бастамалардың табысты жүзеге асуы ел азаматтарының белсенділігі мен жауапкершілігіне де тікелей байланысты.

Досыбай ШЕРІМҚҰЛОВ,
қоғам қайраткері.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*