
Шымкент қаласында орналасқан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде шетелдік студенттерге арналған ақпараттық кездесу өтті. Жиынның басты мақсаты – Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасының талаптарын түсіндіру, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және ел аумағында заңды болу тәртібін сақтау бойынша кеңестер беру.
Кездесуге Шымкент қаласы Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Сембаев, басқарманың ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Мұрат Медетбеков, сондай-ақ Әл-Фараби аудандық полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің бастығы Ермек Сапарбаев қатысты. Мамандар студенттерге көші-қон заңнамасының негізгі ережелерін жан-жақты түсіндіріп, сұрақтарға жауап берді.
Әсіресе шетелдік студенттердің Қазақстанда заңды болу мерзімін сақтау тәртібі, студенттік визаны ұзарту рәсімі, уақытша тіркеудің талаптары, сондай-ақ шетелдік азаматтардың құқықтары мен міндеттері кеңінен баяндалды. Қатысушыларға нақты мысалдар келтіріліп, тиісті құжаттарды уақытылы рәсімдеудің маңыздылығы айтылды. Бұл ережелерді сақтамау әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін екендігі де ерекше ескертілді.
Көші-қон қызметі өкілдері шетелдік студенттердің оқу мен тұрмыс жағдайында жиі кездесетін мәселелерге тоқталды. Жиын барысында жастарға заңды құқықтарын қорғау жолдары, тұрғылықты жерге уақытылы тіркелудің қажеттілігі және виза мерзімін кешіктірмеудің маңызы түсіндірілді. Сонымен қатар Қазақстанда уақытша тұратын азаматтардың еңбек қызметін заңсыз жүргізуге болмайтыны, мұндай әрекеттер заң бойынша қатаң жазаланатыны атап өтілді.
Кездесуде тек көші-қон заңнамасы ғана емес, қауіпсіздік мәселелері де талқыланды. Полиция қызметкерлері шетелдік студенттерге интернеттегі алаяқтық әрекеттерден сақ болуды, белгісіз сілтемелерге өтпеуді және күмәнді тұлғаларға жеке деректерін жарияламауды қатаң ескертті. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы есірткі заттарын заңсыз тарату әрекеттері жиілеп отырғаны да айтылып, мұндай құқық бұзушылықтарға қатысудың өте қауіпті әрі қылмыстық жауапкершілікке әкелетіні түсіндірілді.
Студенттерге құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ақпараттық жадынамалар таратылып, көші-қон қызметінің байланыс деректері ұсынылды. Сонымен бірге жастарға Қазақстан заңнамасын сақтаудың олардың жеке қауіпсіздігі мен оқу үдерісінің үздіксіз жалғасуы үшін маңызды екендігі тағы бір мәрте жеткізілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Бұл шаралар шетелдік студенттердің құқықтық мәдениетін арттырып қана қоймай, олардың жергілікті қоғамға бейімделуіне, заң талаптарын түсініп, құрметтеуіне ықпал етеді.
Осылайша, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да өткен жиын тек ақпарат алмасу алаңы ғана емес, шетелдік студенттердің заңды мәртебесін нығайтуға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған маңызды қадам болды.
Пікір қалдыру