«Қауіпсіз қала»: Шымкентте ата-аналар мен мұғалімдерге құқықтық сауаттылық бойынша кездесу өтті

желіден алынған

Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған іс-шаралар аясында Шымкент қаласы Құрсай елді мекеніндегі Әл-Фараби атындағы мектепте ерекше кездесу ұйымдастырылды. «Қауіпсіз қала» тақырыбымен өткен жиынға ата-аналар, мұғалімдер, полиция департаментінің қызметкерлері және орталық мамандары қатысты. Кездесудің басты мақсаты – кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта бей-берекет жүруінің алдын алу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және ата-аналармен өзара әрекетті күшейту.

Жиын барысында тәртіп сақшылары қала аумағында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті. Полицейлердің айтуынша, жасөспірімдердің кешкі және түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз көшеде жүруі – заңға қайшы. Мұндай әрекеттердің алдын алу үшін түсіндірме жұмыстарын жүргізу аса маңызды.

Орталық мамандары да өз кезегінде балалар тәрбиесінде ата-ананың жауапкершілігіне тоқталды. Әрбір ата-ана баласының қайда, кіммен жүргенін, бос уақытын қалай өткізетінін бақылауға міндетті екені атап өтілді. Балаға жеткілікті көңіл бөлу, оның қызығушылықтары мен күнделікті айналысатын іс-әрекеттерін білу құқық бұзушылықтардың алдын алуда маңызды рөл атқарады.

Сонымен қатар кездесуде құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Мамандар ата-аналарға қолданыстағы заңдар мен кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері туралы жан-жақты ақпарат берді. Тәртіп сақшылары заң бұзушылықтың салдарына тоқталып, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік жөнінде түсіндірме жасады.

Кездесуге қатысқан ата-аналар полиция өкілдеріне көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, нақты жауап алды. Мұғалімдер де өз тәжірибесінде кездескен жағдайлармен бөлісіп, балалардың тәртібін бақылау мен тәрбиесіне қатысты ұсыныстарын білдірді.

Шара соңында ұйымдастырушылар ата-аналарға жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруда отбасының шешуші рөл атқаратынын еске салды. Отбасы мен мектептің бірлескен жұмысы ғана жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтарды азайтып, олардың қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуына ықпал ететіні айтылды.

Мұндай кездесулердің басты мәні – қоғамдағы қауіпсіздікке әркімнің үлес қосу қажеттігін ұғындыру. «Қауіпсіз қала» жобасы аясында алдағы уақытта да осындай шаралар тұрақты түрде өткізілмек. Бұл – жасөспірімдерге дұрыс бағыт-бағдар беру, ата-аналар мен мұғалімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы қала тұрғындарының қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*