ШЫМКЕНТ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ ЕУРОПАЛЫҚ АВИАЦИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК СЕРТИФИКАТЫН АЛДЫ

Шымкент халықаралық әуежайы халықаралық жүк тасымалы саласындағы ірі жетістікке қол жеткізді. Әуежай Еуропалық одақтың авиациялық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетінін дәлелдеп, RA3 (Regulated Agent Third Country) мәртебесін иеленді. Бұл мәртебе әуежайдың жүк тасымалдау бағытындағы халықаралық беделін арттырып, логистикалық салада жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

RAЗ – үшінші елдердің агенттері үшін Еуропалық одақ бекіткен арнайы мәртебе. Бұл сертификат әуежайдың жүк өңдеу үдерістері халықаралық талаптарға, әсіресе қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкес екенін білдіреді. Шымкент әуежайына KZ/RA3/00004-01 нөмірі беріліп, ол ЕО-ның ресми RA3 дерекқорына енгізілді. Енді бұл әуежай арқылы Еуропа елдеріне бағытталған жүктер транзиттік бекеттерде қосымша тексерусіз жеткізіле алады.

Бұл мәртебе әуежайдың жүк жеткізу уақытын қысқартуға, серіктестердің қаржылық шығындарын азайтуға, сондай-ақ халықаралық логистикалық тізбектерді жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, RA3 сертификаты әуежайды әлемдік логистикалық картада жаңа деңгейге шығарып, Еуропа, Азия және Таяу Шығыс нарықтарына шығу жолын кеңейтеді.


RAЗ мәртебесі Шымкент қаласының географиялық және экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану жолында маңызды қадам саналады. Қала — Қытай, Ресей, Иран және Түркия бағыттарына жақын орналасқан, бұл оны трансқұрлықтық логистикалық торапқа айналдыруға толық мүмкіндік береді.

Шымкент әуежайы арқылы Қазақстан мен Орталық Азиядағы өндірушілер өз тауарларын бұрынғыдан да тез әрі тиімді түрде халықаралық нарықтарға шығара алады. Бұл өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып, инвестициялық тартымдылығын күшейтеді.


Шымкент әуежайында тек сертификатпен шектелмей, инфрақұрылымдық жобалар да іске асырылуда. Солардың бірі — екінші ұшу-қону жолағының құрылысы. Жолақтың ұзындығы 3500 метр, ені 60 метр, ал жамылғысы – ПСН-80 санатындағы берік төсеммен жабдықталады. Бұл тіпті аса ауыр әрі көлемді жүк ұшақтарын қабылдауға мүмкіндік береді.

Жаңа ұшу-қону жолағы заманауи навигациялық және қауіпсіздік жүйелерімен қамтылып, көрінбейтін немесе ауа-райы қолайсыз жағдайда да ұшақтардың қонуына жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде әуе қатынасының тұрақтылығын, ұшу қауіпсіздігін және әуежайдың сенімділігін арттырады.

Шымкент әуежайының RAЗ  мәртебесін алуы — Қазақстанның халықаралық көлік дәліздеріне интеграциялануы жолындағы маңызды жетістік. Бұл жүк ағынын оңтайландырып қана қоймай, елдің геосаяси маңызын, логистикалық тартымдылығын және сауда әлеуетін арттыра түседі.

Сондай-ақ бұл оқиға Қазақстанның «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасына және Қытайдың «Бір белдеу — бір жол» бастамасына үйлесімді түрде ықпал етеді. Шымкент әуежайы – тек транзиттік нүкте ғана емес, аймақтық даму драйвері ретінде де қалыптасып келеді.


Әуежай әкімшілігі жүк терминалын кеңейту, халықаралық логистикалық серіктестермен байланыс орнату және цифрлық бақылау жүйелерін енгізу секілді бірнеше жобаны жоспарлап отыр. Сонымен қатар, жолаушылар ағынын арттыру, чартерлік рейстерді көбейту және авиациялық туризмді дамыту бағыттары да назардан тыс қалмаған.

RA3 мәртебесінің берілуі — Шымкент халықаралық әуежайының дамуындағы жаңа кезеңнің бастамасы. Бұл жетістік қала мен ел экономикасы үшін маңызды стратегиялық мүмкіндік қана емес, сонымен қатар Қазақстанның жаһандық логистикадағы рөлін күшейтетін шешуші фактор болмақ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*