Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктерге арналған, жас буынның рухани дамуына және өмірлік тәжірибе алмасуына бағытталған мазмұнды кездесу өтті. «Танымал тұлғамен жүздесу» тақырыбымен ұйымдастырылған бұл басқосу өңірдегі ұлтаралық бірлікті нығайтуға, этномәдени құндылықтардың қоғамдағы маңызын кеңінен түсіндіруге арналды. Шараға Түркістан жастары, қоғамдық ұйымдар, этномәдени бірлестіктер өкілдері, «Ассамблея жастары» мен Студенттік Ассамблея мүшелері белсенді қатысты.
Іс-шараны Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек жүргізді. Жиынды Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұрсұлтан Сейтжанов ашып, жастарды ел дамуына белсене араласуға, білім мен бірлікті, өзара сыйластықты басты құндылық ретінде ұстануға шақырды. Ол этномәдени алуандықты сақтау – тұрақты қоғам құрудың маңызды шарты екенін атап өтті.
Кездесу барысында өңірге белгілі, түрлі салада табысқа жеткен тұлғалар сөз сөйлеп, өз өмірлік жолы мен тәжірибесі арқылы жастарға бағыт-бағдар берді. Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», медицина саласының ардагері Шора Исмолдаев адал еңбек пен адамгершіліктің қоғамдағы орнына тоқталса, тәжірибелі журналист Бейсенкүл Нарымбетова ақпараттық кеңістіктегі жауапкершілік пен мәдениеттің маңызын атап өтті. Дзюдодан Азия чемпионы Дидар Хамза, асық атудан әлемдік додалардың жеңімпазы Алмас Қарабаев спорт арқылы ұлттар арасындағы достық пен бірліктің нығаятынын жеткізді. Ал Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Дилноза Омарова этномәдени ортада кәсіпкерлікті дамытудың әлеуетіне тоқталды.
Этномәдени құндылықтар – қоғамдағы тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің берік іргетасы. Түркістанда бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Қалада этномәдени бірлестіктердің бастамаларына қолдау көрсетіліп, мәдени фестивальдер, диалог алаңдары, тәрбиелік кездесулер ұйымдастырылуда. «Достық үйі» осындай маңызды жобалардың орталығына айналып, түрлі этнос өкілдерінің өзара ықпалдастығына мүмкіндік беріп отыр. Бұл алаңда ұлттық салт-дәстүрлер дәріптеліп, ортақ құндылықтар насихатталады.
Кездесу соңында жастар ашық пікір алмасып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Танымал тұлғалармен бірге асық ойнап, естелік суретке түсу де ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық ойындар арқылы бірлікті нығайтудың жарқын көрінісіне айналды. Мұндай форматтағы кездесулер жастардың этномәдени құндылықтарға қызығушылығын арттырып, қоғамдағы жауапкершілігін күшейтеді.
Түркістан қаласында ұлтаралық бірлік пен этномәдени келісімді нығайтуға бағытталған бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады. Қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің бірлескен жұмысы ел бірлігін бекемдеп, жас ұрпақтың санасына татулық пен өзара құрмет идеясын сіңіруге қызмет етуде.
Пікір қалдыру