ТҮРКІСТАНДА КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ ҚАСБЕТТЕРІ ЖАҢАРТЫЛУДА

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тапсырмасына сәйкес, қала аумағында тұрғын үйлердің сәулеттік келбетін жақсарту және инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта биыл көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту жобасы жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр.

Жалпы алғанда, 2025 жылы қала бойынша 33 көпқабатты тұрғын үйдің қасбетін жөндеу көзделген. Аталған жоспар аясында Төлеген Бокин көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерде жөндеу жұмыстары толық көлемде жүргізіліп, бүгінде 15 тұрғын үйдің қасбеті толығымен жаңартылды. Бұл жұмыстар тұрғын үйлердің сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, көшелердің жалпы сәулеттік үйлесімін арттыруға ықпал етті.

Сонымен қатар, 1 және 2 ықшамаудандарда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерді қамтитын қасбеттерді жаңарту жұмыстары да жоспарға енгізілген. Аталған аумақта 18 тұрғын үйде жөндеу жүргізу көзделсе, қазіргі таңда оның 17-сінде жұмыстар толық аяқталған. Ал №8 тұрғын үйде жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жалғасуда және белгіленген мерзімде аяқталады деп күтілуде.

Жаңарту барысында заманауи құрылыс материалдары қолданылып, үйлердің сыртқы қабырғалары талапқа сай әрленуде. Бұл өз кезегінде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, қала келбетінің көркін аша түседі. Сонымен қатар, көпқабатты үйлердің қасбеттерін жаңарту Түркістанның туристік және мәдени орталық ретіндегі мәртебесін нығайтуға да оң әсерін тигізеді.

Айта кету керек, аталған жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасып, қала инфрақұрылымын дамытуға бағытталған өзге де жобалармен ұштастырылатын болады. Түркістан қаласында жүргізіліп жатқан бұл игі бастамалар тұрғындар үшін қолайлы, заманауи және көрікті қалалық орта қалыптастыруға бағытталған.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*