Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 17 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы» Жарлығына сәйкес елдің энергетика саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Түркістан қаласының тұрғыны, «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының шебері Бузав Әбжәлі Мәуленұлы «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұл жоғары мемлекеттік награда – маманның көп жылғы табанды еңбегіне, кәсіби біліктілігіне және сала дамуына қосқан сүбелі үлесіне берілген лайықты баға.
Әбжәлі Мәуленұлы еңбек жолын 1979 жылы бастаған. Еңбекке ерте араласқан ол түрлі салада тәжірибе жинақтап, жауапкершілік пен тәртіпті басты қағида етіп ұстанды. Әр жылдары күзет қызметінде, теміржол саласында және өндірістік кәсіпорындарда еңбек етіп, мол тәжірибе мен өмірлік сабақ алды. Әртүрлі саладағы қызметі оның кәсіби тұрғыда қалыптасуына, төзімділік пен іскерлік қасиеттерін шыңдауға үлкен әсер етті.
2010 жылдан бастап Түркістан қаласындағы «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында еңбек етіп келеді. Ал 2013 жылдан бері аталған кәсіпорынның Жылу жүйесі бөлімінің басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді. Бұл кезеңде ол қаланы жылумен қамту жүйесін тұрақты ұстап тұру, инженерлік желілердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Әсіресе, күзгі-қысқы жылу беру маусымын сәтті өткізу, апаттық жағдайлардың алдын алу және жылу желілерін жаңғырту мәселелеріне ерекше көңіл бөлді.
Әбжәлі Мәуленұлы әрдайым қарапайымдылық пен еңбекқорлықты серік еткен білікті маман ретінде әріптестері арасында үлкен құрметке ие. Ол жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибесімен бөлісуді азаматтық парызы санайды. Ұжымдағы ауызбіршілік пен жауапкершілікті арттыруға қосқан үлесі де ерекше атап өтуге тұрарлық.
Ұзақ жылғы адал еңбегі мен кәсіби шеберлігі үшін ол мемлекеттік және қоғамдық деңгейде бірнеше мәрте марапатталған. Атап айтқанда, 2022–2023 жылдары «Ел ардақтысы», «Үздік қызметкер», «Еңбек даңқы» медальдары мен салалық төсбелгілердің иегері атанды. Бұл марапаттар оның тек өз кәсібіне ғана емес, қоғамға да сіңірген еңбегінің айқын дәлелі.
«Құрмет» ордені – энергетика саласының дамуына қосқан көп жылғы еңбегі мен ел игілігі жолындағы қызметі үшін берілген жоғары марапат. Бұл орден Әбжәлі Мәуленұлының өмірлік ұстанымы мен адал еңбегінің жемісі екені сөзсіз. Оның еңбек жолы – жас мамандарға үлгі, ал саладағы табанды қызметі – ел дамуына қосылған нақты үлес.
Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген осындай еңбек адамдарының еңбегін бағалау – мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен қолдаудың айқын көрінісі. Әбжәлі Мәуленұлына берілген мемлекеттік награда – еңбек адамына деген құрметтің белгісі.
Пікір қалдыру