ТҮРКІСТАН: ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШІ БАСТЫ НАЗАРДА

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Қабылдауға алдын ала жазылған 12 азамат қатысып, өздерін алаңдатқан әлеуметтік, тұрмыстық және инфрақұрылымдық мәселелерді көтерді.

Кездесу барысында тұрғындар жер қатынастарына байланысты түйткілдер, тұрғын үй алу кезегіне қатысты сауалдар, әлеуметтік қолдау шаралары, мүмкіндігі шектеулі жандарды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, инженерлік инфрақұрылымның жағдайы, жол сапасы мен абаттандыру жұмыстары, сондай-ақ еңбек даулары мен өзге де тұрмыстық мәселелер жөнінде өтініш-тілектерін жеткізді.

Қала әкімі әрбір азаматтың көтерген мәселесін мұқият тыңдап, бірқатар сұрақтарға қабылдау барысында нақты жауаптар берді. Жедел шешілуі мүмкін мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, орындау мерзімдері белгіленді.

Ал қосымша зерделеуді талап ететін өтініштер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жан-жақты қарастырылып, бақылауға алынатыны айтылды. Әкім әрбір өтініштің назардан тыс қалмайтынын, тұрғындардың мәселесін шешу жергілікті атқарушы органның басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, тұрғындармен тікелей байланыс орнату – қаладағы әлеуметтік ахуалды жақсартудың және нақты мәселелерді уақтылы шешудің тиімді жолы. Осындай қабылдаулар халықтың мұң-мұқтажын жедел анықтап, шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Қабылдау қорытындысы бойынша жауапты бөлім басшыларына тапсырмалар беріліп, көтерілген мәселелердің орындалу барысы қала әкімінің жеке бақылауында болатыны жеткізілді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*