БАСПАНА – БАҚЫТТЫҢ БАСТАУЫ: 23 ОТБАСЫ ЖАҢА ҮЙГЕ ҚОНЫСТАНДЫ

Шымкент қаласында тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгін баспана кезегінде тұрған 23 отбасы Асар-2 шағынауданында орналасқан жалға берілетін пәтерлердің кілтін алды.

Жаңа пәтерлер қаланың коммуналдық тұрғын үй қорынан беріліп отыр. Қоныстанушылар қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балалар бар.

Пәтер кілттерін салтанатты табыстау рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, тұрғындарды қоныс тойымен құттықтады. Қала басшысы өз сөзінде жалға берілетін тұрғын үйлер қорын ұлғайту және азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мегаполисте атқарылып жатқан басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.

– Тұрғындарды баспанамен қамту – әлеуметтік саясаттың маңызды бөлігі. Бұл бағыттағы жұмыстар заңнама талаптарына сай, ашық әрі жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын табады, – деді қала әкімі.

Айта кетейік, баспанамен қамтамасыз ету белгіленген рәсімдер мен қолданыстағы заңнама талаптарын сақтай отырып жүргізіледі. Бұл үдерістің ашықтығын қамтамасыз етіп, мемлекеттік қолдауға азаматтардың тең дәрежеде қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Шымкент қаласының әкімдігі алдағы уақытта да қолжетімді баспана көлемін арттыру, тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту және жайлы қалалық ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды кезең-кезеңімен іске асыра бермек. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмаларына және Шымкент қаласының стратегиялық даму міндеттеріне толық сәйкес келеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*