2025 ЖЫЛ ШЫМКЕНТ СПОРТЫ ҮШІН ҚАНШАЛЫҚТЫ ТАБЫСТЫ БОЛДЫ?

2025 жыл Шымкент қаласының спорт саласы үшін айрықша табысты болды. Қала спортшылары республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, Шымкент спортының әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жыл қорытындысы бойынша шымкенттік спортшылар түрлі турнирлерде барлығы 2275 жүлделі орынға ие болды.

Ел ішіндегі чемпионаттарда спортшылар 766 алтын, 726 күміс және 783 қола медаль жеңіп алды. Азия чемпионаттарында 103 алтын, 76 күміс, 67 қола медаль еншіленсе, әлем чемпионаттары мен Әлем кубоктары кезеңдерінде 74 алтын, 58 күміс және 55 қола жүлде қоржынға салынды.

Спорт саласындағы жүйелі жұмыстың нәтижесінде 2025 жылы жоғары білікті мамандар мен спортшылар даярланды. Атап айтқанда, 5 Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 6 Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 35 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 125 Қазақстан Республикасының спорт шебері және 849 спорт шеберіне үміткер спортшы дайындалды.

Сонымен қатар Шымкент қаласының 1240 спортшысы Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командаларының сапына енгізілді. Оның ішінде ересектер санатында – 447, жастар құрамында – 447, ал жасөспірімдер арасында – 346 спортшы ел намысын қорғауға мүмкіндік алды.

Халықаралық ареналарда да шымкенттік спортшылар жоғары жетістіктерімен көзге түсті. Жапонияның Токио қаласында өткен Сурдлимпиада ойындарында еркін күрестен Пернеш Шадияр алтын медаль жеңіп алса, Рсалы Сабыржан қола жүлдеге ие болды. Ал Қытайдың Харбин қаласында ұйымдастырылған ІХ қысқы Азия ойындарында фристайл акробатика спорт түрінен 1 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль олжаланды.

Италияның Турин қаласында өткен ХХХІІ қысқы Дүниежүзілік Универсиадада шорт-трек спортынан Темірхан Айбек командалық сайыста қола жүлдегер атанды. Германияның Рейн-Рур қаласында өткен ХХХІІ жазғы Дүниежүзілік Универсиадада таеквондодан шымкенттік спортшылар 1 алтын және 1 қола медаль иеленді.

Сондай-ақ ұлттық спорттағы үлкен жетістіктердің бірі – «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінде Шымкент қаласының спортшысы Байкумаров Мараттың алғаш рет «Қазақстан Барысы» атағын жеңіп алуы болды. Бұл жеңіс қала спортының дамуы мен спортшылардың жоғары деңгейде дайындалғанын айқын көрсетеді.

2025 жылғы жетістіктер Шымкент қаласында бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесін көрсетті. Алдағы кезеңде де спортшылардың жаңа белестерді бағындырып, ел абыройын асқақтататынына сенім мол.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*