Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Созақ ауданы барып, Шолаққорған ауылдық округі тұрғындары үшін маңызды оқиғаға қатысты. Ауылдық округте табиғи газбен жабдықтау желілері ресми түрде іске қосылып, өңір тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы жария етілді. Бұл – Созақ ауданына табиғи газдың алғаш рет берілуі.
Салтанатты жиында облыс басшысы тұрғындарды айтулы күнмен құттықтап, жобаның стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықтың өмір сүру сапасын арттыру және ауылдық елді мекендерді әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Осы бағытта Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Газбен қамту саласында 2025 жылы өңірде 87 нысанның құрылысы қолға алынған. Соның ішінде 45 жоба толық аяқталып, 70 мыңға жуық тұрғыны бар 41 елді мекен табиғи газға қосылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы 606 елді мекен «көгілдір отынмен» қамтылып, 1,9 миллионнан астам адам оның игілігін көріп отыр. Бүгін іске қосылған Шолаққорғандағы жоба – сол кешенді жұмыстың нақты нәтижесі.
Созақ ауданында автоматты газ тарату стансасы бар магистральды газ құбырының пайдалануға берілуі айрықша мәнге ие. Бұған дейін облыстың барлық аудан, қалалары табиғи газбен қамтылғанымен, Созақта бұл мәселе шешімін таппаған еді. Енді аудан тұрғындары да көгілдір отынды пайдаланып, тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік алды. Бұл қадам экологиялық жағдайды жақсартуға, қатты отынға тәуелділікті азайтуға, сондай-ақ инвестиция тарту мен кәсіпкерлікті дамытуға серпін береді.
Жоба аясында Шолаққорған ауылдық округіндегі табиғи газ желілері толық іске қосылып, тұрғын үйлердің бірінде газ жағу рәсімі өткізілді. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталып, 2025 жылдың желтоқсан айында аяқталған. Жобаның жалпы құны 4,1 миллиард теңгені құрайды. Қуаттылығы – сағатына 30 000 текше метр. Толық іске қосылған жағдайда 4600 тұрғын үй табиғи газбен қамтылады деп жоспарланып отыр.
Салтанатты шара барысында аудан тұрғындары игі бастаманың жүзеге асуына үлес қосқан облыс және аудан әкімдігіне, сондай-ақ QazaqGaz компаниясына алғыс білдірді. Мамандардың айтуынша, аталған автоматты газ тарату стансасы арқылы болашақта ауданның өзге де елді мекендерін кезең-кезеңімен газдандыру көзделіп отыр.
Созақтағы бұл тарихи жоба – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды инфрақұрылымдық қадам. Енді аудан халқы заманауи әрі тиімді энергия көзіне қол жеткізіп, тұрмыс сапасын жаңа деңгейге көтермек.
Пікір қалдыру