ШЫМКЕНТ ФУТБОЛЫНДА ТАРИХИ ШЕШІМ: «ОРДАБАСЫ» ЖЕКЕ ИНВЕСТОРҒА ӨТТІ

Ордабасы кәсіби футбол клубы жекеменшік басқаруға өтті. Клубтың жаңа иесі – «Integra Construction KZ» ЖШС. Президент қызметіне Дархан Қызайбаев тағайындалды. Жекешелендіру туралы меморандумға Ғабит Сыздықбеков пен компания басшылығы қол қойды.

Келісім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген кәсіби футбол клубтарын жекешелендіру және коммерцияландыру тапсырмасы аясында жүзеге асырылды. Құжат жеке инвестициялар тартуды, басқаруды нарық талаптарына сай тұрақты модельге көшіруді және корпоративтік басқарудың заманауи стандарттарын енгізуді көздейді.

Негізгі бағыттар қатарында материалдық-техникалық базаны жаңарту, жаттығу инфрақұрылымын дамыту, басқару үдерістерін цифрландыру және клубтың коммерциялық тиімділігін арттыру бар. Сонымен бірге жас футболшыларды даярлау жүйесін жетілдіру және бәсекеге қабілетті команда қалыптастыру басымдық ретінде белгіленген.

Компания өкілі Шахмұрат Муталип клубты дамыту ұзақ мерзімді әрі әлеуметтік маңызы бар жоба екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Ордабасы» – қалыптасқан тарихы мен тұрақты жанкүйерлік базасы бар клуб. Инвестор инфрақұрылымды күшейтуге, жастар футболына жүйелі қолдау көрсетуге және ұлттық әрі халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті ұжым құруға басымдық бермек.

Жекешелендіру нәтижесінде клубтың қаржылық тұрақтылығы артып, бюджетке түсетін жүктеме азаяды деп күтілуде. Жаңа басқару моделі «Ордабасының» стратегиялық дамуын қамтамасыз етіп, Шымкенттің елдегі жетекші футбол орталықтарының бірі ретіндегі позициясын нығайтуға бағытталған.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*