ШЫМКЕНТТЕ 1000-ҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМДЫ ҚОЛДАУҒА ЖИНАЛДЫ

Еліміздегі үш мегаполистің бірі — Шымкент қаласында жаңа Конституция бойынша өтетін жалпыұлттық референдумды қолдауға арналған «Елді жаңғырту жолында біргеміз!» атты кең ауқымды акция өтті. Іс-шара «Қызғалдақ» сарайында ұйымдастырылды.

Жиынға мыңға жуық қала тұрғыны қатысты. Олардың қатарында белсенді жастар, мәдениет және өнер өкілдері, сондай-ақ халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген спортшылар болды. Қатысушылар референдумның ел дамуы үшін маңызын атап өтіп, азаматтық ұстанымдарын білдірді.

Шараның негізгі мақсаты — жаңа Конституция жобасын қолдау, қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайту, елді жаңғыртуға бағытталған бастамаларға қоғамдық қолдау көрсету. Спикерлер Ата заңға енгізілетін өзгерістер әділетті қоғам құруға және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталғанын айтты.

Мерекелік бағдарламаның шарықтау шегі — Майра Мұхамедқызы мен қала өнерпаздарының «Ата заң бұл» әнін көпшілікпен бірге орындауы болды. Ән орындалған сәтте залда мемлекеттік тулар желбіреп, қатысушылар ел болашағына деген сенімдерін білдірді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акция шымкенттіктердің ел дамуының маңызды кезеңдерінде белсенділік танытып, ортақ құндылықтарға негізделген бірлікті қолдайтынын көрсетті.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*