Оңтүстіктен Иранға 20 мың тонна ет экспорттау көзделіп отыр

Жылына 2 млн. 400 тонна ет тұтынатын Иран Ислам мемлекетіне ОҚО-дан 20 мың тонна ет экспорттауға екіжақты келісім жасалды. Облысымызда соңғы екі жылда 865 мың бас ірі қара, қой-ешкі 155 мыңға көбейіп 3 млн. 893 мыңға, жылқы саны 214мыңнан 230 мыңға жетіп, ал түйе 23 мыңға жетіп отыр. Осыны ескерген екі тарап күніне 3000 бас ұсақ мал еті мен 100 бас ірі қара етін алу үшін келісім шарт жасасты. Бұл туралы аймақтағы шаруаларды кәсіпке баулып, шаруашылыққа бейімдеу мақсатында өтіп жатқан көшпелі семинарда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.Қазығұрт ауданы Шарбұлақ ауылындағы «Қайып ата» мал бордақылау кешеніне Иран елінен келген инвесторлармен қатар аудан, қала әкімдері, ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары, шаруа қожалық иелері және ғылыми орталықтар мен несиелік қаржы институттарының өкілдері қатысқан семинардың мақсаты — шаруалар мен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынасты нығайта отырып, ауыл шаруашылығының дамуына серпін беру. Ұсақ шаруа қожалықтарының бірігуіне мүмкіндік жасап, сол арқылы өнім көлемін арттырып отандық тауарды шетелге экспорттау. Елбасының ет экспортын арттыру міндетін жүзеге асыруға мүмкіндік беру мақсатында алдағы уақытта өңірімізде ірі қара мал қауымдастығын құру көзделіп отыр.«Ел экономикасына оң ықпалын тигізетін, екіжақты келісім нәтижесінде жүзеге асатын, бұл жоба жергілікті шаруалардың мал бордақылауға деген қызығушылығын туғызуы тиіс. Елімізде ауыл шаруашылығымен оның ішінде мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау жоғары деңгейде. Осы орайда ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, несиелеу және субсидиялау мәселелерін халыққа түсіндіріп шаруаларды ата кәсіпке баулу қажет. Экологиялық тұрғыдан таза өнім саналатын біздің өнімдерімізге өзге елдердің сұранысы өте жоғары. Осыны тиімді пайдалануымыз керек», -деді Жансейіт Қансейітұлы.

Семинарға келген ғалымдар мен білікті мамандар мал тұқымын асылдандыру бойынша тәжірибелерімен бөлісіп ,шаруаларды толғандыратын сауалдарға жауап береді. Көшпелі семинарға жиналғандар «Қайып ата» мал бордақылау кешенін аралап атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Айта кетейік, Қазғұрт ауданындағы «Қайып ата» cеріктестігі негізінен мал бордақылаумен айналысады. Мұнда 3 мың бас ірі қара бордақыланып жатыр. Мал бордақылау алаңындағы ақбас сиырлар орта есеппен 300-350 келіге дейін ет береді. Етті малға тән белгілері де айқын – тез жетіледі, кеудесі кең, етті, аяқтары қысқа, берік келеді. Ұрғашы тайынша күніне 700-800 грамм, 15-18 айлық бұқалар тәулігіне 900 граммға дейін салмақ қосады. Әрине, ол үшін малға дұрыс күтім қажет. Солтүстіктен жеткізілген ірі қараның бабы болғандықтан, күнгейдің климатына тез жерсінген.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*