Төлеби ауданында жыл басынан бері 1 мыңнан аса жұмыс орны ашылған

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы бойынша Аудандық мәдениет үйінде жиын өтті, деп хабарлайды Күнгей.kz ақпарат агенттігі Төлеби ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынды аудан әкімі Омарбеков Бауыржан ашып жүргізіп отырды. Сондай ақ, кездесуге мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров, Түркістан облысы әкімінің орынбасары, топ жетекшісі Сәдібеков Ұласбек қатысты.

«Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі – ол қазақстандықтардың табысын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға, орта және шағын кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға, халықтың өмір сүруіне қолайлы, әрі қауіпсіз қоғамдық орта құруға бағытталған. Бүгінде Түркістан облысында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 128,3 мың бірлікті құраса, жыл басынан бері облысымызда 18 485 жаңа жұмыс орны ашылды, оның ішінде 10 989-ы тұрақты жұмыс орны саналады.
Төлеби ауданында да кәсіпкерлікті дамыту бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Нақты дерекке сүйенсек, Төлеби ауданында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 8065 бірлікті құрап 2017 жылдың тиісті кезеңіндегі көрсеткіштен 11,1 пайызға көбейді. Кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар саны 2018 1 қыркүйекке дейін 15944 адамды құрады. Ал жыл басынан бері ауданда 1 283 жаңа жұмыс орны ашылған. Алдағы уақытта да кәсіпкерлікті дамыту шеңберіндегі шаруаларды ширатқан жөн»- деді Сәдібеков Ұласбек қорытынды баяндамасында.
Бүгінде барша қазақстандықтар Жолдаудағы алдымызға қойылған міндеттерді орындауда. Жолдауды насихаттап халыққа дұрыс жағынан жеткізе білу біздің міндетіміз.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*