АлдарӘкімнің үш «Ұлы» өтірігі

Бүгінгі жұрт 1990 жылдар мен 2000 жылдардың басында сөзі мен ісі сай келмейтін атқарушы билік өкілдері мен депутаттардың көбін көрді. Талай басшы мен талай халық қалаулыларының ұйқаспайтын сөздеріне иланған кездері аз болған жоқ. Бертін келе, заман ағымы өзгеріп, халықтың көзі ашылып, қалың бұқара басшылықтың ондай ескі «трюктеріне» сенуді доғарған. Әкімдер де жұртшылықтың көзін бақырайтып қойып алдайтын әдетінен арыла бастағандай көрініп еді. Қателесіппіз, иә, қатты қателесіппіз! «Ауру қалса да, әдет қалмайды»- деген рас екен…

Өкінішке орай, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың соңғы кездері бір емес, бірнеше рет шімірікпей, қара халықтың көзін бадырайтып қойып алдағанының куәсі болдық. Созбалмға салмай тізіп көрейік!

Бірінші өтірігі: Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Б.Парманов Жаңа талап елдімекеніндегі №81 Т.Тәжібаев атындағы жалпы орта мектепте 2018 жылы атқарған жұмысы жайлы халық алдында есеп берген болатын. Бұл жиынға қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы да қатысқан. Айтары жоқ, ауданда әлеуметтік мәселелер қордаланып қалыпты. Қаншама жылдан бері шешімін таппай келе жатқан әлеуметтік мәселелерді айтып, ашуға булыққан халықты сабырға шақырмақ болған Ғабидолла Әбдірахымов, беті бүлк етпестен «2015 жылы бірінші рет әкім болып келген кезде мен осы ауылға келген едім. Сол кезде осы мектеп жоқ еді. Сіздер өтініш айттыңыздар, «осы жерге мектеп соғып беріңіздер» деп. Екі жыл ішінде айтқан сөзімді жасап бердім. Жерді алдық, ақшаны қойдық, мектепті салдық,-деді.
Осы сәтте залға жиналғандардың ішінен бір кісі білім ошағы Әбдірахымов Шымкентке әкім болып келгенге дейін салынғанын айтқан. Кейіннен, расында №81 жалпы орта мектеп қалабасы айтқандай 2015 жылы емес, 2013 жылы пайдалануға берілгенін анықталды.

Екінші өтірігі: Ақпан айының 15 күні Шымкент қаласының әкімі шаһардағы «Түркістан» сарайында халық алдында есеп бергені естеріңізде болар? Бұл жиынға келген көп балалы аналардың біразы кіре алмай қалды. Есепке қатысқаны да Ғабидолла Әбдірахымовтың баяндамасынан кейінгі сұрақ-жауапта микрофонға жақындай берген сәтте, әкім көп балалы аналарды 16 ақпан күні сағат 11:00-де қала әкімдігінде қабылдайтынын көпшіліктің көзінше хабарлады. Тіпті, әр ананы жекелей қабылдап кешке дейін отыратынын айтқан.

Жасыратыны жоқ, қалабасының бұл мәлімдемесіне көп балалы әйелдер тұрмақ, біз де иландық. Сол себепті, 16 күні аналармен бірге қала әкімдігіне барған болатынбыз. Уәделі уақытта ғимараттың 2 қабатындағы мәжіліс залына қала әкімінің орынбасарлары кіріп келді. Алайда, әкімнің өзі жоқ. Әйелдер жағы «Әбдірахымовтың өзі келсін»— деген талап қойған еді. Қала әкімінің орынбасарлары «әкім қазір келеді»,- деп көпшілікті сабырға шақырған болатын. Десе де, аналар түскі сағат 13:00-ге дейін тұрып күтіп Ғабидолла Рахматоллаұлының көлеңкесін де көре алмай қайтты. Яғни, әкім сөзінде тұрмады!

 

Үшінші өтірігі: Естеріңізде болса, бүгінгі ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов, ОҚО әкімі болған тұста Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент қаласының әкімі қызметіне тағайындалған еді. 2016 жылы қала басшысы облыс әкімімен мәслихат депутаттарына Шымкенттің 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму тұжырымдамасын ұсынған.

Онда елді елең еткізгені «Шымкент сити» ақылды қала жобасы болатын. Яғни, Ғабидолла Әбдірахымов қала шетінен заманауи үлгіде жаңа шағын аудан соқпақ болған.


Алайда, арадан 3 жыл өтсе де, ақылды қала жобасының 50 пайызы да салынбады. Бюджеттен 1 миллиардтан астам қаржы бөлініп коммуникациясы тартылған Шымкент сити шағын ауданында дәл қазір мал жайлып жүр. Және де, Ғабидолла Рахматоллаұлы айтқандай, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан бірде-бір шетелдік инвестор компания байқалмайды. Тек мемлекеттік бағдарлама аясында қазынадан бөлінген қаржыға 3 санаттағы үйлер бой көтеріп жатыр демесеңіз…

Айтпақшы, «Шымкент сити» жобасын жуық арада жүзеге асыруы қиын секілді. Өйткені, болашақта шағын ауданға газ бен су жеткізуде мәселе туындауы мүмкін. Бұл жайлы қаланың бас құрылысшысы мәлімдеген болатын. Жарайды. Ол жайлы кейіндеу кеңінен жазармыз.

Айтпақшы,  біз әкімді Алдарға теңеп әлі де артық айттық па деп қалдық. Себебі, Алдаркөсе тек байларды алдаған деуші еді. Қала әкімінің қара халықты алдауға ғана шамасы келіп тұр. Біз әзірге іліп алар үш «Ұлы» өтірігін ғана жазғанымызды ұмытпаңыз. Егер, айтқан әр сөзінің астарына үңіліп,  орындалмаған уәделерін санар болсақ, Ғабидолла Әбдірахымов үшін Тазша баланың қырық өтірігі де түк болмай қалатындай.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*