Шымкенттен ҚР Парламенті Сенаты депутатының орнына журналис Айгүл Қапбарова кандидатурасы ұсынылды

Суреттер: «Шымкент келбеті» газетінің «фэйсбук» парақшасынан алынды

Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс қырық тоғызыншы сессиясында бірқатар мәселелер қаралды — деп хабарлайды «Күнгей.kz» ақпарат агенттігі.

Депутат Бахадыр Салимов төрағалық еткен сессия отырысында бірінші мәселе бойынша Шымкент қаласынан ҚР Парламенті Сенаты депутатының орнына кандидат ұсыну мәселесі қаралды.

«Нұр Отан» партиясының фракция жетекшісі Бекайдар Төлегенов бұл мәселе бойынша Қазақстан журналистер одағы Шымкент қаласы филиалының төрайымы, «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС директор-бас редакторы Айгүл Қапбарованың кандидатурасын ұсынды. Мәслихат депутаттары бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.

«Айгүл Жарылқасынқызы – тәжірибесі толысқан, бұл лауазымға жан-жақты дайын кандидат. Қаланың дамуына өз үлесін қосып келеді. Жоғарғы заң шығарушы органда да өз біліктілігін көрсетеді деп ойлаймын», — деді қала әкімі Ғабидолла Рахманқұлов.

Өз кезегінде журналис Айгүл Қапбарова, өзіне қолдау білдірген Шымкент қаласы мәслихатының депутаттарына алғысын жеткізді.

«Шымкент қаласы мәслихаты депутаттарының еліміздегі ең жоғарғы өкілетті орган Парламент сенатының депутаттығына ұсынып отырғанына және маған сенім артып отырғанына үлкен алғысым мен зор құрметімді білдіремін. Бұл қызметтің үлкен жауапкершілігін мен сезініп отырмын. Бұл бір жағынан біздің журналистикаға, әріптестерімізге деген құрмет. Біздер журналистикада жүріп елдің ішкі мұңын, қандай мәселелер мазалайтынын біліп жүрміз. Сондықтан заңдық тұрғыда қандай мәселелерге өзгеріс енгізу қажеттігін, қандай заңды құжаттарды жасауымыз қажеттігін сеземіз. Бұл қадамды маған ғана емес, жалпы журналистер қауымын жасалған құрмет деп білемін»,- дейді Айгүл Қапбаров.

Айгүл Жарылқасынқызы еңбек жолын 1997 жылы облыстық телерадиокомпаниясының редактор-тілшісі болып бастаған. Одан кейін «Оңтүстік Қазақстан» газетінің саясат бөлімінің меңгерушісі болып істеді. Бүгінде «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС директор-бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарып келеді.

 

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*