Еліміздің үшінші мегаполисінде биыл ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі 200 гектарға ұлғаяды. Шымкент қаласының агроөнеркәсіп кешенінде биылғы жылы жалпы құны 8,6 млрд. теңгені құрайтын 18 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл туралы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының өкілдері хабарлады, — деп жазады қала әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда 15 гектар жерге қарқынды алма бау, 20,7 гектарға өнеркәсіптік жылыжай кешені, тауарлы сүт фермасы, құс етін және жұмыртқа шығаруды кеңейту мен ешкі сүтін өндіру және қайта өңдеу, жеміс-көкөністі қайта өңдеу, ірімшік өндіру кәсіпорнын кеңейту, ұн өндіруді модернизациялау, мал бордақылап, ет өндіру және асыл тұқымды етті-сүтті бағыттағы ІҚМ кешені сынды жобалар жүзеге асырылады.
Нәтижесінде жыл сайын қосымша 300 тн алма, 5,1 мың тн көкөніс, 1,5 млн литр сүт, 40 млн. дана жұмыртқа, 2,2 мың тн құс еті, 20 млн. банка консерві өнімдері, 500 тн сыр, 1 250 тн ет өндіріледі.
Басқарма мамандарының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда «Д-Сабыр» ЖК құны 150 млн теңге болатын 15 гектарға қарқынды алма бау, «Колесников А.В» ШҚ және «Arman-AGRO» ШҚ жылыжай кешені, «Тассай құс» ЖШС және «Шымкент құс» ЖШС құс фермаларын кеңейту бойынша жобаларының құрылыс жұмыстары аяқталып іске қосылды. Қалған 14 инвестициялық жобаларда құрылыс жұмыстары жүруде.
Пікір қалдыру