ӨНІМІ ӨНІМДІ АУДАН: САЙРАМДА ЖАҢА ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Түркістан облысында өндіріс орындарының саны артып келеді. Өңірдің еңбекқор халқы кіші, орта, отбасылық кәсіпті жандандыруға бет бұрған. Жергілікті кәсіпкерлер шет мемлекеттерден тәжірибе жинап, өндірісте үздік технологияларды пайдаланып жатыр. Инвесторлар тарту жұмыстары да қарқын алды.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, біқатар нысанды аралады. Аудан әкімі Арман Сәбитов жүзеге асып жатқан жобаларды таныстырды.
Облыс әкімі Ақсукент ауылдық округі, Манкент ауылында салынып жатқан «Nurym Group» түйіршіктелген құрама жем зауытының құрылыс алаңында болып, жеке инвестордың жобасының қазіргі жай-күйін бақылады.
– Өңірде «Іс бастаймын, кәсібімді кеңейтемін» деген азаматтарға мүмкіндік көп. Ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды енгізу қажет. Әкімдіктен арнайы жер бөлу, инфрақұрылыммен қамту жұмыстарына қолдау болады. Мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағдарламалар да бар. Зауыт, фабрикалар ашпасақ, халыққа жақсы жұмыс орындарын ұсынбасақ, өңір экономикасы көтерілмейді, – деген Дархан Амангелдіұлы жоба құрылтайшысы Сырым Ертаевпен ауыл шаруашылығын дамыту бағытында пікір алмасты. Жаңа бастамаларды жүзеге асыру маңызды екенін айтты.
«NURYM GROUP» ЖШС ауыл шаруашылығы жылқы, ірі қара, ұсақ малдарға арналған құрама жем шығарумен айналысуды көздеп отыр. Зауыттың құрылыс жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталған. Кәсіп иесі биыл қазан айында нысан құрылысын аяқтап, өндіріс орнын жыл соңына дейін іске қосуды жоспарлап отыр. Бүгінде құрылыс жұмыстары 60%-ға орындалған.
Түркия елімен жүргізілген келіссөздер негізінде қондырғылар маусым айында толық жеткізілді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарымен қатар қондырғыларды монтаждау жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Зауыттың барлық кезеңдеріндегі жұмыстар автоматтандырылған жүйелер және заманауи жабдықтардың көмегімен жүргізіледі.
Зауыт сағатына – 20 тонна, жылына 2000 тонна өнім шығаруға қауқарлы болмақ. Бұл жұмыстар жеке кәсіпкер есебінен жүргізілуде. 7,25 гектар аумақта орналасқан кәсіпорынның жоба құны – 2000,0 млн теңге. Мұнда 12 адам тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*