Түркістан қаласындағы «OLYMPIC CENTER» спорт кешенінде Түркі мемлекеттерінің қатысуымен бокстан 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында «WBC AMATEUR TURKSOY» халықаралық турнирі өтті. Халықаралық турнир Түркі мемлекеттері арасында алғаш рет Қазақстанда, оның ішінде қасиетті Түркістанда ТҮРКСОЙ ұйымының бастамасымен ұйымдастырылды.
Ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, Түркі мемлекеттерінің арасындағы ынтымақтастық пен достықты арттыруға арналған халықаралық турнирге бауырлас мемлекеттерден келген мәртебелі меймандарға және спортшыларға облыс халқы атынан алғысын білдіріп, спортшыларға сәттілік тіледі.
– Бокстан жасөспірімдер арасындағы «WBC AMATEUR TURKSOY» халықаралық турнирі ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бастамасымен қасиетті Түркістанда ұйымдастырылуда. Бауырлас Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Әзербайжан және Түркия мемлекеттерінен келген спортшыларымызға осы сапары ерекше есте қалады деген ойдамын. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Сондықтан бүгінгі халықаралық турнир ынтымағымызды бекемдей түседі деп ойлаймын. Түркі мемлекеттерінің рухани құндылықтарының сақталуын қалаймыз және әрдайым қолдау білдіруге дайынбыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы.
Жарыс жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бауырлас түркі мемлекеттері арасында ынтымақтастықты нығайту, спортшылардың кәсіпқой бокста шеберлігін шыңдау, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының түркі мемлекеттерінің мәдениетін рухани жаңғырту бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының өкілдері, даңқты спорт ардагерлері де қатысып, жастарға ақ баталарын берді.
Дүбірлі сынға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Әзербайжан және Түркия мемлекеттерінен спортшылар қатысып, іріктеуден өткен 15-16 жастағы өрендер 46 келі, 52 келі, 57 келі, 63 келі, 70 келі, 75 келі, 80+ келі салмақ дәрежелері бойынша сынға түсті. Нәтижесінде Мірсәбит Арман (Қазақстан), Руслан Русланов (Қазақстан), Оразалы Көбей (Қазақстан), Мұхаммедқадыр Абдуманнапов (Қырғызстан), Асылбек Абдусамадов (Өзбекстан) және Ислом Салихов (Өзбекстан), Бобомурод Боймурзаев (Өзбекстан) турнир жеңімпазы атанды. Қазақстандық Мірсәбит Арман жарыстың ең үздік боксшысы атанып, арнайы марапатталды.
Түркі тілдес елдердің әділқазылары төрелік еткен сайыста әр салмақ дәрежесіндегі турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері қаржылай сыйақы мен арнайы белбеу иегері атанды. Чемпиондарға «WBC AMATEUR TURKSOY» белбеуі, медаль және ақшалай сыйақы берілсе, жүлдегерлерге медаль мен ақшалай сый табысталды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда, Түркістан облысындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріндегі бокс бөлімдерінде 6 мыңнан астам бала қатысып, оларға 400-ге жуық жаттықтырушы күнделікті оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуде.
Түркістан қаласында 16-19 қыркүйек күндері олимпиадалық стандартқа сай жаңа ескек есу арнасында параканоэда есуден (тірек-қимыл аппараты зақымдалғанадамдарға арналған ескек есу түрі) Қазақстан Республикасының Ашық Кубогін сарапқа салған жарыс аяқталды. 10 түрлі бағдарлама бойынша өткен жарысқа […]
Астанада өткен Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Әлемнің 35 мемлекетінен 500-ден астам былғары қолғап шебері қатысқан жарыста шымкенттік оқушы алтын алқа иеленді. Бокстан 75 келі салмақта өнер көрсеткен Санжарәлі Бегалиев — Білім басқармасына қарасты № […]
Облыс орталығы мәртебесін иеленгелі Түркістан қаласының даму қарқыны күшейді. 2020 жылы шаһар көшелерінің 44,6% жарықтандырылған еді. Ал 2022-2023 жылдар аралығында атқарылған жұмыстардың нәтижесімен қала аумағындағы жарықтандыру көрсеткіші 80%-ды құрады. Мамандардың мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы құрылысы […]
Пікір қалдыру