Шымкент республикада туризмнің дамыған орталығы болуға сұранып тұрған аймақ. Осыған байланысты мегаполисте туризм саласын өркендетуге қатысты іс-шаралар көбірек ұйымдастырылып тұрады. Мегаполиске саяхатшыларды тарту бойынша арнайы жоспарлар мен тұжырымдамалар да түзілген.
Қазір оларды жүзе асыру бағытында тиісті мемлекеттік органдар мен осы жауапкершілікті мойнына алған арнайы мекемелер қызу жұмыс үстінде. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы да осынау маңызды іске қал-қадірінше атсалысып жатыр. Мәселен жуырда кәсіпкерлер құқығын қорғау ұйымында үшінші мегаполистегі туризм саласын дамытуға арналған келелі басқосу өтті. Аталған семинарды кәсіпкерлер палатасы «Визит Шымкент» туристік-ақпарат орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. Маңызды іс-шараға кәсіпкерлер ұйымының салаға жауапты қызметкерлері, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өкілдері, этнографтар, турагенттік жетекшілері, гидтер мен салалық басқарма мамандары қатысты.
Мұның алдында кәсіпкерлер палатасында туризм саласы кеңесінің отырысы өткен болатын. Онда туризмге байланысты бірқатар мәселелер талқыланған-ды. Осы жиында қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділханов баяндама жасап, туризмді дамыту бағытындағы мәселелерді ашып көрсеткен еді.
Басқармабасшысыныңайтуынша, Шымкенттіңтуристікәлеуетіәлбеттежоғары. Статистикалық дерекке назар салсақ, мегаполиске соңғы 3 айда 112 мыңға жуық турист келген, оның ішінде 104 мың адам – ішкі турист болса, 7 мыңнан астамы – шетел азаматтары. Сала өкілінің мәлімдеуінше, шаһарда туризмге қатысты жалпы құны 7 млрд теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылу үстінде. Мәселен, мегаполисте 2026 жылға қарай 5 жұлдызды қонақ үй пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Бұл өз кезегінде қалаға шетелден саяхатшылар көп келетінін және оларға жағдайы керемет қонақүй қажет екенін білдіреді. Міне, осынау сұранысты қанағаттандыру мақсатында Шымшаһардан және бір бес жұлдызды қонақүй бөй көтеретін болады. Туристік индустрияның жаңа қарқынмен дамуы Шымкенттің жан-жақтан саяхатшыларды тартудағы бір ғажап көрінісін байқатады. Осы орайда басқарма басшысы туризм саласындағы кәсіпкерлерді жергілікті атқарушы билікпен бірге тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге шақырды.
Кәсіпкерлер өз тарапынан саябақтарға көпшілік тамақтану орындарын орнату бойынша ұсыныстарын айтып жатыр. Олардың мәлімдеуінше, бұл өте маңызды бастама, себебі қыдырып келген азаматтар, әсіресе шетелдік туристер бірінші кезекте тамақтану орындарын іздейтіні ақиқат. Әрі жергілікті шеберлердің қолөнер бұйымдарын сатып алуды жөн көреді.
«Бүгінде қазақтар ежелден келе жатқан қонақжайлылық заңдылықтарын жоғалтқан жоқ, керісінше, оның шекарасы кеңейді. Тек қазақтар ғана емес, көп ұлтты мемлекетімізде тұратын басқа ұлт өкілдері де қонақ күту мәдениетін меңгергені қашан. Ал бұл өз кезегінде туристерді елге тартудың бір тәсілі екенін де ұмытпаған жөн. Ұлтымыздың осынау асыл қасиетін туристерді елге шақыру мақсатына қарай ұтымды пайдалануымыз керек. Халқы мейірбан, келген қонаққа жылышырай танытып тұрған елге қалайша турист көп келмес» деді этнограф.
Пікір қалдыру