2024 жылы Тұран ауданында қоқыс алаңдарын жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілмек. Аудандағы 54 қоқыс алаңшасына 260 жаңа қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) жинауға арналған контейнерлер орнатылады. Нәтижесінде, аудан аумағындағы қоқыс контейнерлері 100% жаңартылатын болады. Бұл жобаны жүзеге асыратын мердігер мекеме анықталуда. Сонымен қатар, аудан аумағында 3060 қоқыс жәшігін орнату жоспарланып, қазіргі уақытта олардың 2200-і қойылды.
Ағымдағы жылы аулааралық 60 аумаққа 154 жарық шамы орнатылып, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Бұдан бөлек, демеушілердің қолдауымен Түркістан шағын ауданындағы Айқап көшесінде балалар ойын алаңшасы, ал Рысқұлбеков көшесінде тренажерлық алаңша орнатылды.
Балаларды қорғау күніне орай, Қажымұқан стансасынан Дендросаябаққа дейінгі ұзындығы 6 шақырымға жуық «Тұлпар» балалар темір жолының орнына заманауи веложол салынды. Велосипедшілер үшін арнайы баспалдақтар да орнатылып, тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасалды.
Жалпы 2023 жылы қала бойынша 2937 контейнер орнатылған. Пластикалық қалдықтарды жинау үшін 205, құрғақ және ылғалды фракциялар бойынша жинау үшін — 250, құрамында сынабы бар қалдықтарды жинау үшін – 50, нан қалдықтарын жинау үшін – 200 контейнер орнатылса, 2025 жылға дейін құрамында сынап бар қалдықтарды жинау үшін жыл сайын 50 контейнер орнату көзделуде.
Пікір қалдыру