
Түркістан облысы – еліміздің аграрлық әлеуеті жоғары, егін және бақша шаруашылығы дамыған өңірлерінің бірі. Әсіресе, оңтүстік өңірдегі Жетісай ауданы жыл сайын егістік көлемін арттырып, ерте өнім берумен ерекшеленіп келеді. Биыл жетісайлық диқандар 79,3 мың гектар суармалы жердің 43 мың гектарына мақта шитін сеуіп, қалған бөлігін бақша, көкөніс, дәнді және мал азықтық дақылдарға бөлді. Нақтырақ айтқанда, 16,7 мың гектар жерге бақша дақылдары, 7,5 мың гектарға жүгері, 3,6 мың гектарға көкөніс, 6,7 мың гектарға мал азықтық өнімдер егілген. Ал көктемнен бері бақша мен көкөністен 36 мың тоннадан астам өнім жиналды.
Осы бағытта еңбек етіп жүрген шаруалардың бірі — Ж.Ералиев ауылдық округінде тұратын Әл-Фараби Күзенбаев. Ол соңғы 15 жылдан бері егіншілікпен айналысып, мол тәжірибе жинақтаған. Биыл оның шаруашылығы 50 гектар жерге қауынның «Нұр-Бакинка» және «Дампера» сорттарын ексе, 250 гектарына мақта отырғызған. Ауа райының қолайлығы мен дұрыс агротехникалық күтімнің арқасында қауын жылдағыдан ерте пісіп, алғашқы өнімдер шетелге жөнелтіліп жатыр. Қазіргі уақытта Ресейге 100 тонна қауын экспортталуда. Бағасы — келісіне 400 теңге.
«Биылғы қауын өнімі ерте пісті. Сұраныс жақсы. Ағын судан тапшылық көрген жоқпыз. Өнімді ешқандай делдалсыз, өзіміз тиеп, тікелей Ресейге жөнелтіп жатырмыз», – дейді Әл-Фараби Анарбайұлы.
Шаруа қожалығы қазіргі уақытта 30-ға тарта жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Оларға күндік 8–12 мың теңге аралығында еңбекақы төленуде. Орта есеппен әр гектардан 400 центнерге дейін өнім алуды жоспарлап отырған шаруашылық үшін бұл — табысты маусымның бастамасы ғана.
Бұл жетістіктер Түркістан облысының ауыл шаруашылығындағы серпінді дамуының нақты көрінісі. Облыста жыл сайын ауыл шаруашылығы саласына бөлінетін мемлекеттік қолдау көлемі ұлғайып келеді. Субсидиялау, жеңілдетілген несиелер, заманауи технологияларды енгізу арқылы Түркістанның агроөнеркәсіп кешені жаңа деңгейге көтерілуде. Жергілікті билік ауыл шаруашылығын цифрландыру, су үнемдеу технологияларын ендіру, экспорттық әлеуетті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді.
Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, өңірде биыл ауыл шаруашылығы өнім көлемін 1 трлн теңгеге жеткізу жоспары тұр. Оның ішінде бақша және көкөніс өнімдерін экспортқа шығару – негізгі басымдықтардың бірі. 2024 жылдың алғашқы айларынан бастап көршілес Өзбекстан, Ресей, Беларусь және ТМД елдеріне қырыққабат, пияз, сәбіз, қауын мен қарбыз сынды ерте өнімдер жөнелтіліп келеді.
Жетісайлық шаруалар да бұл үрдістен қалыс қалмай, егіс алқаптарын ұлғайтып, өнім сапасына ерекше мән беруде. Бақша өнімдерін шетелге экспорттау арқылы олар тек табыс тауып қана қоймай, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына да сүбелі үлес қосып отыр.
Мұндай табысты тәжірибе ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуына, тұрмыстық жағдайының жақсаруына, жастардың ауыл шаруашылығына бет бұруына себепші болуда. Сонымен қатар, бұл — Қазақстан өнімдерінің халықаралық нарықта сұранысқа ие екенін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі.
Жалпы алғанда, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласын дамытуды стратегиялық басымдық ретінде белгілеп отыр. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар — тек өңір емес, бүкіл республика үшін маңызды үлгі бола алады.
Пікір қалдыру