
Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты. Мәжілісте ауданның 2025 жылдың алғашқы төрт айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жан-жақты қаралып, өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары кеңінен талқыланды.
Мәжіліс барысында аудан әкімінің орынбасары Жұмасұлтан Бердешов су үнемдеу технологияларын енгізу туралы кең ауқымды баяндама жасады. Оның айтуынша, «Казсушар» РМК тарапынан босатылған ағын судың бір бөлігі ауыл шаруашылығы алқаптарына берілген. Осы ретте округ әкімдеріне су пайдаланушылармен келісімшарттарды нақтылау бағытында жұмысты күшейту тапсырылды. Сонымен қатар, ауылдық округтерде тамшылатып суару сынды су үнемдеу технологияларын ендіру барысы да назардан тыс қалмады.
Келесі кезекте аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мейірбек Асықбаев 2025 жылдың төрт айындағы экономикалық көрсеткіштер бойынша есеп берді. Оның айтуынша, кейбір бағыттарда жоспарланған индикаторлар орындалғанымен, кей салаларда баяулау байқалады. Бұл – жауапты бөлімдердің нақты жұмыс жүргізуін қажет етеді.
Аппараттық мәжіліс аясында инфрақұрылым, коммуналдық қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы және экология салаларына қатысты да бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Атап айтқанда:
-
Ішкі көшелерді жөндеу және газдандыру жұмыстарының барысы
-
Туристік аймақтарды дамыту мен инвестициялық жобаларды іске асыру
-
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы санитарлық тазалық шаралары
-
Ауыл шаруашылығы жерлерінде зиянкес жәндіктермен күрес шаралары
-
Ағын суды тиімді пайдалану және залалсыздандыру жұмыстары
Аудан әкімі Арман Қарсыбаев әр сала бойынша баяндалған мәселелерді тыңдай келе, жұмыстың әлсіз тұстарына жеке-жеке тоқталды. Әсіресе нақты нәтиже мен жауапкершілікке негізделген жүйелі жұмыстың қажеттілігін ерекше атап өтті. Қарсыбаев бөлім басшыларына тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған іс-шараларды ширатуды, халықпен кері байланысты күшейтіп, нақты көрсеткіштерге негізделген жұмыс жүргізуді тапсырды.
Жиын соңында аудан басшысы күн тәртібінде қаралған барлық мәселе бойынша нақты шешімдер қабылдап, әрбір тапсырманың орындалуын жеке бақылауға алатынын жеткізді.
Пікір қалдыру